Ақтау мен Сари (Иран) арасында тікелей әуе рейсі ашылды

6 Ақпан 2024, 06:08
409
Бөлісу:
Ақтау мен Сари (Иран) арасында тікелей әуе рейсі ашылды
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Иран Ислам республикасына арнайы іссапармен барған Маңғыстау облысының делегациясы Мазандаран провинциясының губернаторымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.


Қазақстандық делегация құрамында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Ж.Матаев, облыс әкімінің орынбасары Қ.Құлжанов, маңғыстаулық депутаттар, кәсіпкерлер мен туризм және мәдениет саласының өкілдері бар.

Мазандаран провинциясының басшысы Хосейни Пур Каспий теңізі арқылы шектесіп жатқан қос өңір арасындағы әріптестік ынтымақтастықтың дами түсуіне мүдделі екенін жеткізді.

Маңғыстау мен Мазандаранды көп нәрсе байланыстырады. Біздің провинцияның 480 шақырымы теңіз жағалауы бойында орналасқан. Үш ірі теңіз портымыз арқылы Маңғыстау порттары арасында жүк тасымалын жандандыруға мүмкіндік зор. Сонымен қатар Мазандаранның екі қаласынан, Горган мен Сариден Ақтауға тікелей әуе кемелері ұшуда. Бүгінгі сіздердің сапарларыңыз екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туризм саласындағы байланысты арттыра түсуге мүмкіндік береді деген сенімдемін, -деді Мазандаран провинциясының басшысы Хосейни Пур.

Мазандаран - Иран Ислам республикасының ауылшаруашылығы мен туризм, оның ішінде медициналық туризм қарқынды дамыған аймақ. Мазандаранның орталығы Сари қаласында діни және тарихи орындар көп шоғырланғандықтан мұнда туристер ағыны мол. Жылына 40 млн саяхаттаушы келеді екен.

Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Ж.Матаев пен облыс әкімінің орынбасары Қ.Құлжанов ирандықтарға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігімен таныстырды.

Екі ел Президенттерінің Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу жайындағы келісімі бар. Сол межеге жету үшін бар мүмкіндікті жүзеге асыруға ынталымыз. Маңғыстау облысында бірлескен 52 кәсіпорын бар. Алдағы уақытта ауылшаруашылығы, жеміс-жидек, көкөніс өсіру мен туризм бағытында жаңа жобаларды іске асыруға шақырамыз. Бүгінде Маңғыстау - Қазақстанның үздік туристік аймақтары тізіміне енген. Былтыр 1320 ирандық Маңғыстау өңіріне саяхаттап келген. Екі аймақ арасындағы жаңа ашылған әуе қатынастары биыл бұл санды бірнеше еселеуге жол ашады деп сенемін. Сіздерді Маңғыстау облысына арнайы іссапармен келуге шақырамыз, - деді Жаңбырбай Матаев.

Маңғыстаулық делегацияның сапары ертең Мазандарандағы өндіріс ошақтарында жалғасын табуда.

Өзгелердің жаңалығы