Ақтаудан шыға берісте жолға шығып кеткен жылқы үйіріне соғылған үш көлік жаппай жол апатына ұшырады.
Жол апаты 26 шілде күні таңғы сағат 04:00 шамасында Ақтаудан әуежай бағытына шығатын жолда, бекеттен шамамен 800 метр жерде болған.
Оқиғаға қатысушылардың айтуынша, Lexus пен Toyota Camry көліктері жол бойында еркін жүрген жылқы үйіріне соғылған. Артында келе жатқан тағы бір Toyota Camry дер кезінде тежеліп үлгермей, алдыңғы көлікке соқтығысқан.
Жол апатынан кейін жүргізушілер полиция шақырған. Апатқа қатысушылардың сөзінше, оқиға орнына келген қызметкерлер жол-көлік оқиғасының сызбасын жасап, кетіп қалған. Алайда жылқылардың иесін анықтап, тиісті шара қабылдау үшін кейін ешкім келмеген.
Жол полициясының қызметкерлері келіп, оқиғаның сызбасын жасап, кетіп қалды. Мал иесінің кім екенін анықтап, қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін полиция қызметкерлерін қайта шақырып жатырмыз. 102 нөміріне үнемі хабарласамыз, бірақ бізді бір-біріне сілтейді: бірі бұл қала аумағы десе, екіншісі ауданға қарайтынын айтады, енді бірі біреуді күтіп отырғанын жеткізеді. Жылқы үйірі жол бойында қараусыз жүр. Құлағында сырғасы да, таңбасы да жоқ. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда көліктер қатты зақымданды. Кейінгі істі анықтау үшін мал иесін табуды талап етеміз, – деді жол апатына қатысушылардың бірі Алмагүл Лепесбаева.