Ақсуда ұсақ қара малға шапқан жыртқыштар белгілі болды

17 Мамыр 2023, 19:16
1088
Бөлісу:
Ақсуда ұсақ қара малға шапқан жыртқыштар белгілі болды

Ертіс өңірінде Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында қорадағы малға шапқан жыртқыштар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Айта кетейік, біршама уақыт бұрын белгісіз жыртқыштар тұрғындардың қой-ешкілеріне шауып, қырып кеткен. Төрт түлікке қарап отырған халық дабыл қағып, жауапты органдарға шағымданған.

Бастапқыда тұрғындар малға қасқыр шабуы мүмкін деген болжам жасаған. Алайда ветеринария мамандары тексеріс жүргізіп, қырылған малдан сынама алған соң басқа байламға келді. Қорадағы ұсақ қараны қасқыр тектес иттер талап кеткен.

Үштерек тұрғындарының айтуынша, жыртқыш төрт аяқтылар түнгі уақытта келіп жүр.

Қорада малдан мал қалмады. Күніміз осы қой-ешкіге қарап отыр. Жыртқыштардың көзі жойылмаса, жағдайымыз қиындап кетеді. Тез арада шара қолданса екен, - дейді үштеректіктер.

Облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ержан Рахметовтің айтуынша, қазіргі уақытқа дейін 15 жабайы ит ұсталған.

Жабайы хайуандар қасқырлардан кем емес. Ұсталған иттер жанындағы екі күшікті кеміріп, талап тастаған. Қылықтары қасқырға ұқсас. Біз жыртқыштардың тұқымдастарын ұстау үшін бірнешеуін торға қамап қойдық. Бірақ қауіп сейілген жоқ деген ойдамыз. Тұрғындарға түнге күзет қоюға кеңес береміз, - дейді Ержан Рахметов.

Сала мамандарының хабарлауынша, бұған дейін түз тағысы үш ауылдың малына шапқан. Есеп бойынша 200-ге жуық қой-ешкі қырылған.

Өзгелердің жаңалығы