- Мұқаба
- Жаңалықтар
- АҚШ-тың мұнай қоры азайды: Әлемдік нарықты не күтіп тұр?
АҚШ-тың мұнай қоры азайды: Әлемдік нарықты не күтіп тұр?
Энергетика секторындағы өзгерістер инвесторларды алаңдатып отыр.
Бүгiн 2026, 07:30
АҚШ-тағы стратегиялық және коммерциялық мұнай қорларының азаюы әлемдік энергетика нарығына қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Сарапшылар бұл жағдай мұнай бағасының болашағына, Вашингтонның сыртқы саясатына, ОПЕК+ елдерімен қарым-қатынасына және Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушы мемлекеттердің мүмкіндіктеріне тікелей әсер етуі мүмкін екенін айтады. BAQ.KZ тілшісі мәселенің экономикалық әрі геосаяси қырын сарапшылармен бірге талдап көрді.
Мұнай нарығы жаңа дағдарыс кезеңіне өтті ме?
Соңғы айларда АҚШ-тағы мұнай қорларының қысқаруы, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық және Ормуз бұғазы төңірегіндегі тәуекелдер қайтадан мұнай нарығын әлемдік саясаттың басты тақырыптарының біріне айналдырды. Дегенмен мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қазіргі жағдайды бірден толыққанды дағдарыс деп бағалауға асықпау керек деп есептейді.
Оның айтуынша, әлем қазіргі таңда мұнай дағдарысының алғашқы емес, екінші кезеңінде тұр.
Қазір біз мұнай дағдарысының екінші кезеңінде тұрмыз деуге болады. Бұл туралы мен бұған дейін жан-жақты жазғанмын. Алғашқы кезең – нарықтағы "шок" болды. Біз мұнай бағасының барреліне 120 долларға дейін көтерілу әрекеттерін көрдік. Кейін баға 90 доллардан да төмен түсті, ал қазір шамамен 100 доллар деңгейінде тұрақтап тұр. Түрлі шабуылдар мен тараптардың бір-біріне соққы беруіне қарамастан, баға осы шамада сақталып келеді, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, бүгінде әлемдік нарықтың толық күйреуіне жол бермей отырған негізгі факторлардың бірі – мұнай жеткізілімінің жалғасуы.
Қалай болғанда да, қазіргі уақытта мұнай жеткізілімі қайта жанданды. Ормуз бұғазы негізінен ашық. Кемелер өтіп жатыр. Әрине, қандай шарттармен жүріп жатқаны толық түсінікті емес, бірақ жеткізілім тоқтаған жоқ. Сонымен қатар Парсы шығанағы елдері Ормуз бұғазын айналып өтетін инфрақұрылымды да дамытып үлгерді. Бұл туралы да жазғанмын. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра портын пайдалануға мүмкіндігі бар. Ол Ормуз бұғазында емес, Оман шығанағында орналасқан. Сауд Арабиясы да Қызыл теңіздегі порттар арқылы тасымал көлемін ұлғайтты. Жалпы алғанда жағдай біртіндеп қалыпқа келіп жатыр, – дейді Олжас Байділдинов.
Сарапшы қазіргі жағдайда әлемдік экономикаға белгілі бір уақытқа дейін дем беріп тұрған тағы бір факторға назар аударады.
Ірі мемлекеттер мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің едәуір қоры бар. Мен бұл туралы да жаздым. Егер импорт толық тоқтап қалса, олардың қолындағы қорлар шамамен 30–40 күнге жетеді. Сондықтан қазір болып жатқан жағдай қорлардың азаюына әсер етіп жатқаны рас. Бұл тек АҚШ-та ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азияда да, Еуропаның көптеген елдерінде де байқалады. Бірақ бұл дағдарыстың әзірге екінші кезеңі ғана, – дейді ол.
Үшінші кезең қандай болады?
Байділдиновтың пікірінше, егер қазіргі қақтығыстар ұзаққа созылып, мұнай жеткізіліміндегі тәуекелдер күшейсе, әлем мұнай дағдарысының үшінші кезеңіне өтеді.
Егер қақтығыс пен мұнай дағдарысы жалғаса берсе, үшінші кезең тұтынудың қысқаруы болады. COVID пандемиясы кезінде тұтыну көлемі кей сәттерде 40–50 пайызға дейін төмендегенін жақсы білесіздер. Тіпті мұнайды қоятын орын тапшы болған жағдайлар да кездесті. Мәселен, британдық BP компаниясының басшысы мұнайды сақтайтын орын қалмай, оны бассейндерге құюға тура келуі мүмкін екенін айтқан еді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттер мұндай сценарийге әлі барған жоқ.
Ал тұтынуды шектеу сияқты қадам әзірге еш жерде қолға алынған жоқ. Басқаша айтқанда, дамыған елдер – Еуропа мемлекеттері, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – қажет болған жағдайда қашықтан жұмыс істеу тәжірибесін кеңейтіп, жұмыс күндерін қысқартып, мысалы, жұманы демалыс күні ету сияқты шараларға бара алады. Мұндай бастамалар мұнай дағдарысынан бұрын да талқыланған. Яғни әзірге тұтынуды қысқарту арқылы нарыққа әсер ету байқалмайды. Елдер бұрынғыдай жұмыс істеп, қалыпты өмір сүріп жатыр. Олардың қолында қор да, резерв те бар, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, қазіргі резервтердің өзі өткен ғасырдағы мұнай дағдарыстарынан кейін қалыптасқан.
Бұл резервтер дәл осындай дағдарыс жағдайларында мұнай нарығын тұрақтандыру үшін өткен ғасырдың 70–80 жылдарындағы мұнай дағдарыстарынан кейін жасалған болатын. Қазір сол қорлар өз міндетін атқарып жатыр, – дейді ол.
Мұнай бағасы алдағы уақытта қандай болады?
Олжас Байділдинов мұнай бағасының алдағы кезеңдегі динамикасына қатысты да өз болжамын айтты.
Кейінірек бұл жоғары сұраныстың сақталуына алып келеді. Өйткені елдер тек тұтынумен шектелмей, өз қорларын толықтыру үшін мұнайды қосымша сатып алуға мәжбүр болады. Бұл кем дегенде алдағы бір жарым жыл бойы мұнай бағасының салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталатынын көрсетеді. Дегенмен қазіргі уақытта баға айтарлықтай жоғарылап кеткен жоқ. Әртүрлі болжамдар айтылып жатыр. Кейбір сарапшылар қорлар тамыздың соңына дейін жетеді десе, енді біреулері шілденің ортасына қарай әлемдік экономикада күрделі дағдарыстың алғашқы белгілері сезілуі мүмкін деп есептейді, – дейді сарапшы.
Соған қарамастан ол мұнай нарығы үшін апатты сценарийді әзірге көріп отырған жоқ.
Алайда мен әзірге мұнай нарығына қатысты қандай да бір өте күрделі қауіп-қатерді немесе мұнай бағасының күрт өсетінін көрсететін алғышарттарды көріп отырған жоқпын, – дейді Байділдинов.
Энергия үшін күрес жаңа кезеңге өтті
Түркиялық саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мұрат Арас қазіргі жағдайды тек нарықтық көрсеткіштер арқылы бағалауға болмайтынын айтады.
Оның пікірінше, бүгінгі оқиғалардың түп-тамыры ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан энергия үшін күреспен байланысты.
Шын мәнінде, өнеркәсіптік революциядан басталған кезеңнен бері әлемдегі ең үлкен қажеттіліктің бірі – энергияға деген сұраныс. Әсіресе қазіргі заманда бүкіл әлем өте күрделі энергетикалық дағдарыс қаупімен бетпе-бет келіп отырғанын жақсы білеміз. Осыған байланысты технологиялық өнім шығаратын және өнеркәсібі дамыған елдердің энергияға деген мұқтаждығы өте жоғары. Бұл мәселе Еуропалық одақ, Қытай, АҚШ және Ресей сияқты елдердің күн тәртібінен түскен емес, – дейді саясаттанушы.
Ол қазіргі геосаяси текетірестердің көпшілігінің астарында дәл осы энергия факторы жатқанын айтады.
Мұның салдарын тарих барысында талай рет көрдік. Мысалы, Осман империясының ыдырауы кезінде Басра шығанағының бақылауға алынуы, ағылшындардың мұнай көздерін өз қолына өткізуі, Осман мемлекетінің мұнайдан шеттетілуі – мұның бәрі үлкен тарихи жоспардың бір бөлігі болды. ен қақтығыстардың түбінде де экономикалық себептер жатыр. Бұл туралы бұған дейін де айтқанмын. Ал қазіргі кезеңдегі ең негізгі себеп – энергия мәселесі. АҚШ-тың Венесуэлаға, Парсы шығанағына немесе Ормуз бұғазына қатысты жүргізіп отырған саясатының астарында да дәл осы энергияға деген сұраныс жатыр, – дейді Бахтияр Мұрат Арас.
АҚШ қорлары неге азайды?
Түркиялық саясаттанушы Бахтияр Мұрат Арастың пікірінше, қазіргі әлемдік энергетикалық бәсекенің ауқымы бұрынғыдан әлдеқайда кеңейген. Бүгінде тек Батыс мемлекеттері ғана емес, Қытай сияқты алып экономикалардың да энергияға деген сұранысы үздіксіз өсіп келеді.
Сондықтан әлемде энергетикалық бәсеке барған сайын күшейіп келеді. Қытайдың да энергияға деген қажеттілігі өте жоғары. Ал Ресей мен Қазақстан сияқты өз табиғи газына, өз ресурстарына ие мемлекеттер бұл байлықтың стратегиялық маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан олар энергия қорларын сақтауға да, пайдалануға да аса сақтықпен қарайды. Сонымен қатар бұл ресурстардың елдің болашақ дамуы үшін маңызды табыс көзі екенін де жақсы біледі, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, соңғы жылдары АҚШ-тың стратегиялық мұнай резервтерінің азаюы кездейсоқ құбылыс емес.
Соңғы зерттеулерге қарағанда, АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры шамамен екі есеге қысқарған. Стратегиялық қор дегеніміз – соғыс немесе ірі экономикалық дағдарыс сияқты төтенше жағдайларда пайдалануға арналған арнайы резерв. Соңғы жылдары осы қор көлемінің біртіндеп азайып келе жатқаны байқалады. Сондықтан бұл тапшылықтың орнын толтыру қажет, – дейді ол.
Бахтияр Мұрат Арас мұнай өндіруші мемлекеттерге қатысты Вашингтонның соңғы жылдардағы көптеген қадамдарын осы фактормен байланыстырады.
Осы себепті АҚШ-тың мұнай өндіруші елдерге қатысты жасап отырған көптеген саяси қадамдарының артында осы қорларды толықтыру мақсаты тұрғанын көруге болады. Сондықтан мұндай әрекеттерді тосын құбылыс деп айту қиын. Әлемдік экономика мен саяси тарихты жақсы білетін адамдар үшін бұл түсінікті жағдай, – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Парсы шығанағындағы мемлекеттер де бұл процестердің маңызды бөлігі болып қала береді.
Біз Парсы шығанағы елдері деп атайтын мемлекеттер, атап айтқанда Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы, белгілі бір деңгейде АҚШ-пен тығыз байланыста болғандықтан, олардың қорларының едәуір бөлігі де америкалық мүдделермен байланысты. Сондықтан энергияға деген қажеттілікті басқа жолдармен де өтеу қажеттілігі туындайды, – дейді ол.
Мұнай өндіруші елдерге қысым күшеюі мүмкін бе?
Түркиялық сарапшы қазіргі жағдай қысқа мерзімде мұнай экспорттаушылар үшін тиімді көрінгенімен, ұзақ мерзімді тәуекелдерді де ұмытпау қажет екенін айтады.
АҚШ-тың көптеген сыртқы саяси қадамдарының негізінде дәл осы фактор жатқанын түсіну керек. Әрине, бұл жағдай мұнай экспорттаушы елдер үшін қазіргі кезде табыс көзі болып көрінуі мүмкін. Бірақ ірі державалардың мұндай процестерге араласу мүмкіндігін әрдайым ескерген жөн. Өйткені мұндай мәселелерді мәңгілік түрде тек экономикалық тетіктермен шешу мүмкін емес, – дейді ол.
Бахтияр Мұрат Арас алдағы жылдары энергетикалық ресурстарға ие мемлекеттерге қатысты бәсеке одан әрі күшеюі мүмкін деп есептейді.
Сондықтан Қытай мен АҚШ-тың мұнай қоры мол мемлекеттерге қатысты саясаты мен қысым жасау әрекеттері алдағы уақытта да назарда болуы керек. Қытайдың Қазақстанмен шекаралас ел екенін де ұмытпау қажет. Осы тұрғыдан алғанда жағдайға өте мұқият қараған жөн, – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Қазақстан мұндай жағдайда тек экономикалық емес, стратегиялық тұрғыдан да дайын болуы тиіс.
Бұған қарсы қандай шаралар қабылдау керектігін бүгіннен бастап ойластырған дұрыс. Иә, қысқа мерзімде мұнай өндіруші, бірақ ірі өнеркәсіптік держава саналмайтын елдердің мұнайдан түсетін табысы өсуі мүмкін. Алайда тарихқа қарасақ, мұндай жағдайлардың саяси салдары да болатынын көреміз. Сондықтан мұндай тәуекелдерді алдын ала бағамдау маңызды. Қазақстан да осы бағытта өзін барлық сала бойынша дамытып, қорғай білуі керек. Бірақ бұл Қазақстанның жалғыз өзі шешетін мәселе емес. Мұндай түйткілдерге ортақ стратегиялық көзқарас қажет. Бұл іске түркі әлемі де тартылып, бәріміз бірге ортақ стратегия әзірлеуіміз керек. Өз мемлекеттеріміздің тұрақтылығы мен болашағын қамтамасыз ету үшін мұндай ынтымақтастықтың маңызы өте зор, – дейді Бахтияр Мұрат Арас.
АҚШ мұнай нарығындағы өзгерістер әлемге қалай әсер етеді?
Ал саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым мәселені нақты нарықтық көрсеткіштер арқылы түсіндіреді.
Оның айтуынша, АҚШ әлемдегі ең ірі тұтынушы болғандықтан, елдегі кез келген өзгеріс жаһандық нарыққа бірден әсер етеді.
Жалпы, ерте ме, кеш пе адамзат постмұнайлық кезеңге өтеді. Бұл ең алдымен мұнайдың қалпына келмейтін, шектеулі табиғи ресурс болуымен байланысты. Алайда бұл мұнай дәуірі жақын арада аяқталады дегенді білдірмейді. Бүгінде негізгі мәселе мұнайдың таусылуында емес, оған деген сұраныстың болашақта қалай өзгеретінінде. Көптеген мемлекет көмірсутектерге тәуелділікті азайтуға тырысқанымен, дамушы елдердегі халық санының өсуі мен индустриялану үдерісі мұнайға деген сұранысты әлі де белгілі бір деңгейде сақтап отыр, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, АҚШ пен Канада әлі күнге дейін әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие аймақтардың бірі болып саналады.
Тікелей АҚШ-қа келер болсақ, негізінен Солтүстік Америка ірі мұнай қорларына ие аймақтың бірі. Ол, ең алдымен, АҚШ пен Канаданың үлесіне тиесілі. Екі елдің жиынтық дәлелденген мұнай қоры 200 млрд баррельден асады. Сонымен қатар Таяу Шығыс та әлемдік мұнай қорлары бойынша сөзсіз көшбасшы. Аймақта дүниежүзілік мұнай қорының шамамен 48%-ы шоғырланған. Мұнай қоры ең көп мемлекеттердің алғашқы ондығына Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, БАӘ және Кувейт кіреді, – дейді Риззат Тасым.
Сарапшының айтуынша, дәл осы себептен Иран мен АҚШ арасындағы кез келген текетірес әлемдік энергетика нарығына тікелей әсер етеді.
Осы фактор Таяу Шығыстың жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен мұнай нарығындағы стратегиялық маңызын сақтап отыр. Сондықтан әлемдегі ең ірі мұнайлы өңірлердің бірінің негізгі ойыншысы Иран мен АҚШ арасындағы текетірес мұнай-газ нарығының қалыптасқан архитектурасына әсер етіп, дәстүрлі жеткізу тізбектерін бұзып жатыр. Бұл өз кезегінде бағаның құбылмалылығын күшейтіп, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін халықаралық күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығаруда, – дейді ол.
АҚШ-тағы қорлардың азаюы нені білдіреді?
Риззат Тасымның пікірінше, қазіргі жағдайды бағалағанда бір маңызды жайтты естен шығармау керек. АҚШ әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушы мемлекет болып қала береді және ондағы кез келген өзгеріс жаһандық энергетикалық теңгерімге әсер етеді.
АҚШ-тың әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушысы екенін де естен шығармау керек. Елдің үлесіне тәулігіне шамамен 102,6 млн баррельді құрайтын жаһандық мұнай тұтынуының 19,9%-ы тиесілі. Осыған байланысты АҚШ-тағы мұнай нарығындағы өзгерістер әлемдік энергетикалық нарыққа тікелей әсер етеді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, соңғы айларда байқалған көрсеткіштер АҚШ ішіндегі сұраныстың әлі де жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Соңғы айларда АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қорларының жедел қысқаруы ішкі нарықтағы жоғары сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді. Деректер бензин қорының да азайғанын, сондай-ақ елдегі ең ірі мұнай сақтау орталықтарының бірі саналатын Оклахома штатындағы Кушинг хабындағы мұнай көлемінің төмендегенін аңғартады. Сегіз апта ішінде АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қорлары шамамен 44 млн баррельге қысқарған. Бұған қоса, жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты америкалық тұтынушылар тарапынан жанармайға деген маусымдық сұраныс та артып келеді, – дейді Риззат Тасым.
Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда АҚШ мұнай компаниялары өндірісті арттыруға ұмтылуы әбден мүмкін.
Сондықтан қазіргі АҚШ-тағы мұнай қорларының қысқаруы мен жоғары сұраныс жағдайында америкалық өндірушілердің тақтатас мұнайын өндіру көлемін ұлғайтуға деген қызығушылығы арта түсуі ықтимал. Бұл өз кезегінде әлемдік мұнай нарығындағы бағаның шамадан тыс өсуін белгілі бір деңгейде тежеуге қабілетті факторлардың бірі болуы мүмкін, – дейді ол.
Тақтатас мұнайы Трамптың басты қаруы бола ма?
Риззат Тасымның айтуынша, АҚШ-тың маңызды артықшылықтарының бірі – тақтатас мұнайының үлкен қоры.
Біз білетіндей, тақтатас мұнайын өндіруге қолайлы кен орындарының ең үлкен шоғырлануы АҚШ аумағында орналасқан. Алайда тақтатас кен орындарын игеру экологиялық тұрғыдан бірқатар күрделі мәселелерді туындатады. Атап айтқанда, жер асты суларының ластану қаупі, суды көп мөлшерде пайдалану, топырақтың деградациясы және қоршаған ортаға түсетін антропогендік жүктеменің артуы бұл саланың кең ауқымды дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі болып отыр, – деп атап өтті сарапшы.
Соған қарамастан ол тақтатас мұнайының маңызы арта беретінін айтады.
Соған қарамастан, дәстүрлі мұнай қорларының біртіндеп қысқаруы және өндіру технологияларының жетілдірілуі тақтатас мұнайының стратегиялық маңызын арттыра түсуде, – дейді Риззат Тасым.
Сарапшының пайымдауынша, егер Ормуз бұғазы төңірегіндегі белгісіздік сақталып, ұсыныс қысқара берсе, мұнай бағасына қосымша қысым түседі.
Егер геосаяси тәуекелдер сақталып, ұсынысқа қатысты шектеулер күшейсе, әсіресе Ормуз мәселесі шешімін таппаса, мұнай бағасына қосымша өсімдік қысым түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда мұнай экспорттаушы елдер, соның ішінде Қазақстан үшін экспорттық кірістердің артуына мүмкіндік туындайды. Алайда нарықтағы жоғары құбылмалылық тәуекелдері де қатар сақталады, – дейді ол.
Трамп әкімшілігі қандай қадамдарға баруы мүмкін?
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайдың басты ерекшелігі – әлемдік нарықтың бұрынғыға қарағанда геосаяси күйзелістерге әлдеқайда төзімді болуы.
Қазіргі жағдайдың басты ерекшелігі нарықтың геосаяси күйзелістерге бейімделу қабілетінің бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болуы. Мысалы, Ормуз бұғазының жабылуы бастапқыда көптеген сарапшылар күткеннен әлдеқайда ұзаққа созылды. Бұл теңіз энергетикалық логистикасына қатысты бұрын-соңды болмаған жағдайдың бірі. Соған қарамастан мұнай бағасы 2008 жылғы тарихи максимумды жаңарта алған жоқ, – дейді Риззат Тасым.
Оның пікірінше, бұған бірнеше фактор әсер еткен.
Меніңше, бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, жеткізу жолдарының бұзылуы бағаға әсер ететін жасанды фактор. Екіншіден, нарықта белгілі бір көлемде стратегиялық және коммерциялық қорлар сақталған. Үшіншіден, мұнай өндіру географиясы бұрынғыдан әлдеқайда әртараптандырылған, – дейді сарапшы.
Ол қазіргі таңда әлемдік нарық айтарлықтай көлемдегі тапшылықпен бетпе-бет келіп отырғанын айтады.
Әртүрлі бағалаулар бойынша, қазіргі таңда әлемдік нарық тәулігіне шамамен 12 млн баррель мұнай көлеміндегі жеткізілімнің қысқаруымен бетпе-бет келіп отыр. Иран қақтығысы басталғалы бері жиынтық есеппен 1,25 млрд астам баррель мұнайдың нарыққа жетпеуіне алып келді. Мұндай жағдайда тапшылықтың бір бөлігі әлем елдерінің жинақталған резервтері есебінен өтелуде, – деді ол.
Ақ үйдің негізгі мақсаты не болады?
Риззат Тасымның пікірінше, егер мұнай қорлары төмендей берсе, Дональд Трамптың әкімшілігі ең алдымен ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға күш салады.
Дегенмен де, егер АҚШ-та мұнай қоры төмен деңгейде қала берсе, Дональд Трамп әкімшілігі ең алдымен ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға тырысады. Мұндай жағдайда шұғыл қадам ретінде Стратегиялық мұнай резервінен қосымша мұнай шығару немесе компанияларға уақытша қарызға беру тетігі қолданылуы мүмкін. Қазірдің өзінде АҚШ Энергетика министрлігі нарықты тұрақтандыру үшін резервтен 40 млн баррельге дейін мұнай ұсыну жоспарын жариялады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Ақ үйдің екінші бағыты – ішкі өндірісті барынша ынталандыру.
Трамп әкімшілігінің энергетикалық саясаты "америкалық энергетикалық үстемдік" қағидасына негізделген. Ол мұнай-газ өндіруге қолжетімділікті кеңейту, реттеуші шектеулерді азайту және тақтатас мұнайын өндіруді қолдау арқылы іске асуы мүмкін, – дейді Риззат Тасым.
ОПЕК+, Ресей және Венесуэла факторы
Сарапшының пікірінше, мұнай бағасы шектен тыс көтерілсе, Вашингтон ОПЕК+ елдеріне қысымды күшейтуі ықтимал.
Вашингтон бағаның шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін ОПЕК+ елдерінен өндірісті арттыруды талап етуі мүмкін. Бірақ ОПЕК+ өз кезегінде нарықты тұрақтандыру мен бағаны бақылау логикасын ұстанады. 2026 жылы Сауд Арабиясы, Ресей, Қазақстан және басқа да елдер өндіріс көлемін үйлестіру мәселесін бірнеше рет қарастырған болатын, – дейді ол.
Ресейге қатысты жағдай әлдеқайда күрделі екенін атап өтті.
Бір жағынан, Ресей ОПЕК+ аясында мұнай нарығына ықпал ететін негізгі ойыншылардың бірі. Екінші жағынан, АҚШ пен Ресей арасындағы геосаяси қайшылықтар энергетикалық диалогты шектейді. Сондықтан Вашингтон Мәскеумен тікелей келіссөзден гөрі, Сауд Арабиясы және Парсы шығанағы елдері арқылы нарыққа ықпал етуге тырысуы ықтимал, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, жағдай күрделене түссе, Вашингтон бұрынғы серіктестеріне қайта назар аударуы мүмкін.
Тіптен мәселе шешімін таппай жатса, 300 млрд баррельден астам дәлелденген мұнай қорымен әлемде бірінші орында тұрған Венесуэла факторы қайта өзекті болуы мүмкін. Бірақ Венесуэла әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие болғанымен, мұнай өндіру көлемі бойынша көшбасшылар қатарына жатпайды. Соған қарамастан, нарықтағы тапшылық күшейсе, Трамп Венесуэланы қосымша мұнай көзі ретінде қайта қарастыруы ықтимал, – дейді Риззат Тасым.
Қорыта келе, қазіргі жағдайды әлемдік мұнай нарығы үшін шешуші кезеңдердің бірі деуге болады. Бір жағынан, АҚШ пен басқа дамыған елдердің резервтері әзірге жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Екінші жағынан, Таяу Шығыстағы геосаяси тәуекелдер, Ормуз бұғазының тағдыры және АҚШ-тағы қорлардың азаюы нарықтағы белгісіздікті күшейтуде.
Сарапшылардың ортақ тұжырымы – қысқа мерзімде мұнай экспорттаушы елдер қосымша табыс табуы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық қауіпсіздік, геосаяси бәсеке және ірі державалардың ықпалы негізгі факторға айнала береді. Сондықтан Қазақстан үшін қазіргі ахуал тек мүмкіндік емес, сонымен бірге стратегиялық тұрғыдан дайындықты талап ететін кезең болып отыр.
Ең оқылған:
- АҚШ Иранға жаңа соққылар жасауға дайын екенін мәлімдеді
- Нигерияда тырысқақ өршіп тұр: 74 адам қайтыс болды
- Қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы тағы өсуі мүмкін
- Пәкістан Ауғанстанға әуе соққыларын жасады: Екі ел арасындағы шиеленіс қайта күшейді
- АҚШ әскері танкерге соққы жасады: Үш үнді теңізшісі із-түзсіз жоғалып кетті
Мақпал ОРЫНБЕК