АҚШ-тың Иранға жаңа санкциялары: Мұнай бағасы мен Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

3 Қыркүйек 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 3 Қыркүйек 2026, 07:30
3 Қыркүйек 2026, 07:30
271
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

АҚШ Иранды экономикалық тұрғыдан оқшаулауға бағытталған жаңа санкциялық шараларды қолға алды. Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюі енді тек Иран экономикасына емес, әлемдік мұнай нарығына, халықаралық сауда мен логистикаға да әсер етуі мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстан ұта ма, әлде импорттық инфляцияның жаңа толқынына тап бола ма? BAQ.KZ тілшісі осы мәселелерді белгілі экономист Жақсылық Құлекеевпен талқылады.

Иран экономикасы жаңа санкцияларға төтеп бере ала ма?

Жақсылық Құлекеевтің айтуынша, Иран үшін санкциялық қысым жаңа құбылыс емес.

АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін күрт нашарлап, содан бері Вашингтон Тегеранға түрлі саяси және экономикалық шектеулер енгізіп келеді. Әсіресе 1990-жылдардан бастап Иранның сыртқы саудасы, мұнай секторы мен қаржы жүйесіне қатысты шектеулер күшейді.

Ислам революциясынан кейін Ирандағы көптеген шетелдік компанияның активтері мемлекет қарамағына өтті. Мұнай саласында да үлкен өзгерістер болды. Соның салдарынан ел ұзақ жыл бойы технология мен инвестиция тартуда қиындыққа тап болды, – дейді экономист.

Алайда ұзақ жылдарға созылған сыртқы қысым Иран экономикасында кері процеспен қатар, импортты алмастыру тетіктерінің қалыптасуына да ықпал етті. Ел шетелден бірқатар технология мен тауарды еркін ала алмағандықтан, ішкі өндірісті дамытуға мәжбүр болды.

Құлекеевтің сөзінше, бұл үрдіс медицинадан бастап өнеркәсіп пен әскери технологияларға дейінгі бірқатар саланы қамтыды.

Бүгінде Иран өзіне қажетті тауарлардың едәуір бөлігін өзі өндіреді. Сондықтан ондаған жыл бойы санкция жағдайында өмір сүрген экономиканы тағы бір санкциялық пакетпен толық тоқтатып тастау оңай емес, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, соңғы жылдары экономикалық қысымға әскери фактор да қосылды. АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты әрекеттері елдің инфрақұрылымы мен әскери нысандарына белгілі бір деңгейде залал келтірген.

Дегенмен санкциялар мен өзге де қысымның түпкі мақсаты Иран билігін әлсірету немесе Тегеранды белгілі бір саяси шарттарға көндіру болса, экономист әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізілді деуге негіз жоқ екенін айтады.

Ормуз жабылса, әлемдік мұнай нарығында не болады?

Қазіргі шиеленістің әлемдік экономика үшін ең қауіпті тұстарының бірі – Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы жағдай.

Бұл бағыт Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері секілді ірі мұнай және газ өндіруші мемлекеттер үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан бұғаздағы кеме қозғалысының кез келген іркілісі энергетикалық нарыққа әсер етуі ықтимал.

Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде Ормуз бұғазын айналып өтетін балама құбырлар бар. Мысалы, БАӘ мұнайының бір бөлігін Фуджейра бағыты арқылы Араб теңізіне шығара алады. Сауд Арабиясының да Қызыл теңізге шығатын құбыр жүйесі бар, – деді Жақсылық Құлекеев.

Алайда экономист бұл инфрақұрылымның мүмкіндігі шектеулі екенін ескертеді. Яғни балама бағыттар Ормуз арқылы тасымалданатын мұнай көлемін толық алмастыра алмайды.

Мәселе мұнымен де шектелмейді. Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазындағы қауіпсіздік те әлемдік сауда үшін маңызды фактор болып отыр.

Йемендегі жағдайға байланысты кеме қатынасы қиындаса, танкерлердің Суэц каналы арқылы өтуіне де әсер етеді. Ал кемелер Африканы айналып өтуге мәжбүр болса, тасымал уақыты ұзарып, шығын көбейеді. Оның ақырғы әсері мұнай бағасынан көрінеді, - дейді сарапшы.

Сондықтан қазіргі жағдайда мәселені тек Ормуз бұғазының жабылу қаупімен байланыстыру жеткіліксіз. Парсы шығанағынан шыққан мұнайдың әлемдік тұтынушыларға жетуіне дейінгі бүкіл логистикалық тізбек маңызды.

Неліктен санкциялардың бұрынғыдай әсері болмауы мүмкін?

Жақсылық Құлекеев санкциялардың тиімділігіне ықпал ететін тағы бір фактор ретінде халықаралық қаржы жүйесіндегі өзгерістерді атады.

Бұған дейін халықаралық төлемдердің елеулі бөлігі SWIFT жүйесі арқылы жүргізілгендіктен, АҚШ пен Батыс елдерінің әлемдік қаржы ағындарына ықпалы жоғары болды. Банкті немесе мемлекетті мұндай инфрақұрылымнан шектеу халықаралық есеп айырысуды едәуір қиындататын, - дейді ол.

Қазір бірқатар мемлекет бұл тәуелділікті төмендетуге әрекет жасап жатыр.

Қытай, Ресей, Үндістан және басқа да елдер доллар мен SWIFT-ке тәуелділікті азайтатын балама төлем тетіктерін дамытуға кірісті. Ресей мен Қытай арасында ұлттық валютамен есеп айырысу кеңейіп келеді. Егер сауда долларсыз және Батыстың қаржы инфрақұрылымынан тыс жүргізілсе, АҚШ-тың мұндай операцияларға ықпал ету мүмкіндігі де азаяды, – деді экономист.

Бұл жағдай Иран үшін де маңызды. Сарапшы Тегеранның Қытай, Ресей және Пәкістан секілді мемлекеттермен экономикалық байланысына назар аударды.

Иран мұнайын сатып алатын ірі нарықтардың бірі – Қытай. Ресеймен де экономикалық ынтымақтастық тереңдеп келеді. Ал бұл мемлекеттердің барлығы АҚШ енгізетін шектеулерге бірдей деңгейде қосыла бермейді.

Әрине, санкциялар Иран экономикасына қысым түсіреді, инвестиция тартуды қиындатады, технология алуды шектейді және қаржы операцияларын қымбаттатады. Бірақ қазіргі жағдайда Иранды толық экономикалық оқшаулау әлдеқайда қиын, – деді Жақсылық Құлекеев.

Сарапшы санкциялардың халықаралық-құқықтық сипатын да ескеру керегін айтады. Оның сөзінше, бір мемлекеттің біржақты енгізген санкцияларына өзге мемлекеттердің көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін.

Мұнай қымбаттаса, Қазақстан ұта ма?

Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы жағдайдың негізгі экономикалық әсерінің бірі мұнай бағасы арқылы сезілуі мүмкін.

Бір қарағанда, мұнайдың қымбаттауы Қазақстан үшін тиімді. Өйткені елдің экспорттық кірісінде мұнайдың үлесі жоғары, сәйкесінше әлемдік бағаның өсуі экспорттық түсімге оң әсер етуі ықтимал.

Қазақстан – мұнай экспорттайтын мемлекет. Сондықтан мұнай бағасы көтерілсе, экспорттан түсетін кіріс те артады. Қысқа мерзімде бұл біз үшін белгілі бір деңгейде тиімді, – деді экономист.

Алайда мұның екінші жағы бар. Мұнай тек экспорттық тауар емес, әлемдік экономикадағы тасымал, өндіріс пен логистика құнына тікелей әсер ететін негізгі энергия ресурстарының бірі.

Энергия қымбаттаған жағдайда тасымал шығыны артып, өндірілетін тауарлардың өзіндік құны көтеріледі. Ал Қазақстан дайын өнімнің, техника мен бірқатар тұтыну тауарларының белгілі бір бөлігін сырттан сатып алады.

Әлемде энергия мен тасымал құны өссе, біз импорттайтын өнімдердің бағасы да қымбаттайды. Сөйтіп, бір жағынан мұнай экспортынан қосымша табыс табамыз, екінші жағынан импорттық инфляция күшеюі мүмкін, – деді Жақсылық Құлекеев.

Осы себепті сарапшы мұнай бағасының өсуін Қазақстан экономикасы үшін біржақты оң фактор ретінде бағалауға болмайтынын айтады.

Наверх