АҚШ әкімшілігі халықаралық студенттерге, журналистерге және мәдени алмасу бағдарламаларына қатысушыларға арналған визалар бойынша елде болу мерзіміне жаңа шектеулер енгізді.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік департаментінің (DHS) мәліметінше, жаңа ережелерге сәйкес F санатындағы студенттік визамен және J санатындағы мәдени алмасу бағдарламалары бойынша келген азаматтардың АҚШ-та болу мерзімі төрт жылдан аспайды.
Ал I санатындағы журналистік визалар барлық елдердің азаматтарына 240 күнге дейін, ал Қытай азаматтарына 90 күнге дейін ғана беріледі.
Сондай-ақ оқуын аяқтаған шетелдік студенттерге АҚШ аумағынан шығу немесе басқа оқу орнына ауысу үшін берілетін жеңілдік кезеңі 60 күннен 30 күнге қысқартылды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл өзгерістердің мақсаты студенттік визаны ұзақ уақыт бойы елде қалу үшін теріс пайдаланудың алдын алу екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді «кемсітушілік сипаттағы қадам» деп бағалап, оның екі ел арасында БАҚ саласындағы бұрынғы келісімдерге қайшы келетінін айтты. Ресми Бейжің қажет болған жағдайда жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді.