- Мұқаба
- Жаңалықтар
- АҚШ, Қытай, Корея және Жапония авторлары Астанадағы AI-кинофестивальде $2 млн жүлде қоры үшін бақ сынайды
АҚШ, Қытай, Корея және Жапония авторлары Астанадағы AI-кинофестивальде $2 млн жүлде қоры үшін бақ сынайды
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
14 Қыркүйек 2026, 14:06
Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) жасанды интеллект технологияларының көмегімен түсірілген фильмдер арасындағы ең ірі халықаралық байқауға айналды. Өтінімдерді қабылдау қорытындысы бойынша фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс келіп түсті.
Ұсынылған контенттің жалпы хронометражы 100 мың минуттан асады, ал фестивальдің жалпы қоры $2 млн-ды құрайды. Оның $1 млн-ы жүлде қорына, тағы $1 млн-ы әлеуеті жоғары AI-командаларға инвестиция ретінде қарастырылған. Бұл жайлы фестивальдің тең құрылтайшылары Алмаз Жали мен Айзат Кусаинов Астанада өткен брифингте мәлімдеді.
Өтінім қабылдау қыркүйек айының басында аяқталды. Барлық өтінімнің шамамен 40%-ын (3 138 фильм) авторлар AAIFF негізгі тақырыбы – The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») бойынша әзірлеген. Тағы 4 929 жұмыс ашық конкурстық бағдарламаға ұсынылды.
Astana AI Film Festival жасанды интеллект пен генеративті технологиялар дамуының негізгі әлемдік орталықтары – АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония креаторларының басын қосты. Өтінімдер саны бойынша АҚШ – 1 395, Қазақстан – 829, Үндістан 702, Қытай – 550 және Оңтүстік Корея – 349 ұсынылған жобамен көш бастап тұр. Өтінімдер саны бойынша алғашқы ондыққа сондай-ақ Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция енді.
Байқаудың ауқымы ұсынылған контент көлемінен де көрінеді. Барлық фильмдердің жалпы хронометражы 100 мың минуттан асып, ең ұзақ жоба 4 сағат 3 минутқа созылады.
Фильмдер байқауға арнайы әзірленген. Қатысушылар генеративті технологиялармен ғана емес, жанр, драматургия, визуалды тіл және күрделі кинематографиялық әлемдер құрудың жаңа тәсілдерін сынап көрген. Мәселен, ұсынылған жұмыстардың бірінде автор бір фильмнің аясында бес дербес әлемді тоғыстырған.
«Осыдан бірнеше ай бұрын ғана халықаралық байқауды іске қосқан едік, ал бүгінде 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс қабылдап отырмыз. Бұл жекелеген AI-эксперименттер емес, күрделі оқиғалары, кейіпкерлері мен тұтас кинематографиялық әлемдері бар толыққанды фильмдер. Мұндай ауқым AI-киноның қаншалықты жылдам дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде дәл Астанада осы жаңа бағыт авторларының әлемдегі ең ірі халықаралық қауымдастықтарының бірін қалыптастырып отырмыз», – деді фестивальдің тең құрылтайшыларының бірі әрі AAIFF кеңесінің төрағасы Алмаз Жали.
Байқауға жас режиссерлер, тәуелсіз командалардан бөлек, мыңдаған аудиториясы бар, халықаралық танылған әлемдік AI-креативті индустрияларының өкілдері де қатысып отыр. Мысалы, 370 мыңнан астам жазылушысы бар AI-продакшн – The DOR Brothers, кинематография мен генеративті технологиялар тоғысында жұмыс істейтін режиссер Zack London-ның Gossip Goblin жобасы, сондай-ақ туындылары халықаралық кинофестивальдерде марапатталған Robert Gaudette өз жобаларын ұсынды.
AAIFF байқау бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі – оның жанрлық алуандығы. Негізгі тақырып – The Future Worth Living In аясынан бөлек, фестиваль тақырыптық шектеусіз жеке бағыт та ашты. Бұл авторларға түрлі жанрдағы, визуалды стильдегі және форматтағы жобаларын жолдауға мүмкіндік берді. Байқау бағдарламасы барлығы 19 түрлі жанрды қамтиды.
Байқауға 4 756 бірегей креатордан өтінім келіп түсті. Олардың бірқатары 22 аптаға созылған өтінім қабылдау кезеңінде екі-үш жобадан ұсынды.
Ұйымдастырушылардың алдын ала есебі бойынша, байқауға қабылданған барлық фильмді ескергенде, креаторлар 80-нен астам генеративті модельге жалпы $4 млн-нан астам қаржы жұмсаған. Ең танымал құралдардың қатарында Suno AI, Seedance 2.5, Kling, Wan 2.6, GPT Image 2 және ElevenLabs бар.
Astana AI Film Festival-дің жүлде қоры – $1 млн. Оның $750 мыңы негізгі тақырыптық бағдарламаға қарастырылған. Тағы $250 мың ашық секциядағы бес номинация бойынша бөлінеді: «Үздік кейіпкер», «Үздік режиссура», «Үздік визуалды тіл», «Үздік оқиға» және «Үздік концепция». Байқауға келіп түскен барлық фильм міндетті түрде плагиатқа тексеріледі.
Сонымен бірге қатысушыларға қаржылай қолдау тек жүлде төлемдерімен шектелмейді. Тағы $1 млн ең әлеуетті AI-командаларға арналған жеке инвестициялық капитал ретінде қалыптастырылмақ. Бұл қаржыны кәсіпкер әрі инвестор, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz (a16z) венчурлік қорының бұрынғы бас серіктесі және The Network School негізін қалаушы Баладжи Сринивасан ұсынды. Осылайша, Astana AI Film Festival-дің жалпы қоры $2 млн құрайды.
«Біз мықты жобалардың фестиваль аяқталғаннан кейін де жалғасын тапқанын қалаймыз. Сондықтан жүлде қорынан бөлек, жеке инвестициялық капитал қарастырылды. Бұл авторларға өндірісті жалғастыруға, жобаларының ауқымын кеңейтуге және оларды Қазақстанда жүзеге асыра отырып, одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта іріктелген командалар Astana Hub қатысушысы атана алады», – деді AAIFF тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзат Кусаинов.
Фильмдерді әлемдік киноиндустрия, AI-сектор, технология және инвестиция салаларының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы Анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BytePlus өкілі бар.
Фестивальдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp., ал AAIFF 2026 технологиялық серіктесі – ByteDance корпорациясының технологиялық BytePlus платформасы. Серіктестік аясында 25 финалист контент генерациялауға арналған DRAMAGIC платформасын бір жыл бойы пайдалану мүмкіндігіне және 60 мың кредиттен тұратын пакетке ие болады.
Astana AI Film Festival 1-3 қазан аралығында Астанада жасанды интеллектке арналған бірқатар іс-шараны біріктіретін AI Month аясында өтеді. Финалистердің AI-фильмдері алғаш рет Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрермен назарына ұсынылады. Көрсетілімдерден бөлек, фестиваль бағдарламасы авторлар мен индустрия өкілдеріне арналған іскерлік сессиялар, панельдік пікірталастар мен шеберлік сабақтарын, сондай-ақ марапаттау рәсімін қамтиды. AI-фильмдер арасындағы ең ірі байқаудың жеңімпаздары 3 қазанда жарияланады.
Ең оқылған:
- Астанада шетелдік блогермен видеоға түскен полицейлер жұмыстан қуылды
- Ормуз бұғазындағы жағдай: АҚШ 100 сауда кемесінің бағытын өзгертті
- Қазақстанға заңсыз кіргізілмек болған 107 тонна өнім кері қайтарылды Ақбота
- Қазақтың тұскиізі БРИКС логотипіне енді
- Тегін берілетін дәріні заңсыз сатқан: 60-тан астам дәріхана мен медициналық ұйым жазаланды