АҚШ пен Мексика USMCA келісімін қайта қарау бойынша алғашқы келіссөз кезеңін аяқтады

Келіссөздердің екінші кезеңі 16–17 маусымда, ал үшінші раунды 20 шілдеден басталатын аптада өтеді.

 Anadolu Agency Бүгiн 2026, 20:55
Бүгiн 2026, 20:55
171
Фото: Anadolu Agency

АҚШ пен Мексика АҚШ–Мексика–Канада келісімін (USMCA) бірлесіп қайта қарау аясындағы екіжақты келіссөздердің алғашқы кезеңін аяқтады. Бұл туралы АҚШ Сауда өкілдігі басқармасы (USTR) хабарлады.

Хабарламаға сәйкес, келіссөздер Вашингтонның Мексикамен сыртқы сауда тапшылығын қысқарту және америкалық жеткізу тізбектерін нығайту мақсаттарына сай жүргізілген.

Мексикада өткен алғашқы раунд барысында тараптар автомобиль өнеркәсібіндегі тауарлардың шығу тегі ережелеріне, болат пен алюминийге, сондай-ақ экономикалық қауіпсіздікке қатысты басым мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар екі ел медициналық бұйымдар, фармацевтика өнімдері, косметика және экономиканың өзге де салаларындағы нормативтік-құқықтық базаны үйлестіру үшін ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.

Бұл мәселелерді талқылау 16–17 маусымда Вашингтонда өтетін келіссөздердің екінші кезеңінде жалғасады. Бұдан бөлек, тараптар ауыл шаруашылығы мен бәсекелестікке тең жағдай жасау мәселелерін қарастыруды жоспарлап отыр.

Хабарламада келіссөздердің үшінші кезеңі 20 шілдеден басталатын аптада Мехикода өтетіні айтылған.

АҚШ USMCA келісімі америкалық өндірушілерге, фермерлерге, мал өсірушілерге, жұмысшыларға, қызмет көрсетушілер мен кез келген көлемдегі бизнеске тиімді болуы қажет екенін үнемі атап келеді. Сондай-ақ үшінші елдердің әділетсіз артықшылық алуына жол бермеу маңызды, – делінген хабарламада.

Наверх