АҚШ астанасында Ақ үй маңында атыс болып, бір адам қаза тапты

Билік өкілінің айтуынша, күдікті келіссөз барысында өзі тұратын үйдегі пәтер иелері қауымдастығына наразылығын білдірген.

 X  әлеуметтік желісінен 13 Қараша 2026, 02:41
13 Қараша 2026, 02:41
96
Фото: X әлеуметтік желісінен

Вашингтонда, Ақ үйге таяу жерде белгісіз ер адам атыс шығарды. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алды. Күдікті полициямен текетірестен кейін өзіне оқ атып, көз жұмды. Бұл туралы BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атыс Ақ үйден шамамен 1,5 шақырым қашықтықтағы Логан-Серкл ауданындағы спорт залда басталған. Оқиға орнына алғаш жеткен полиция қызметкерлері бір адамның мәйітін тауып, тағы төрт адамның жарақат алғанын анықтаған. Жараланғандардың бірінің жағдайы ауыр.

Оқиғаға байланысты полиция жақын маңдағы тұрғын үйді тексеру кезінде жетінші қабаттан оқ атылғанын естіген. Күдікті пәтеріне бекініп алған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, келіссөз жүргізушілер күдіктімен телефон арқылы байланысқа шыққан. Алайда пәтерден оқ дауысы естілген соң, полиция ішке кіріп, ер адамның оқ жарақатынан қайтыс болғанын анықтаған.

Қазіргі уақытта қылмыстың себебі белгісіз. Билік өкілінің айтуынша, күдікті келіссөз барысында өзі тұратын үйдегі пәтер иелері қауымдастығына наразылығын білдірген.

Атыс салдарынан ауданның қозғалысы уақытша тоқтап, оқиға орнына ондаған полиция көлігі мен жедел жәрдем жеткен. Ақ үйге жақын орналасқан көшелер жабылып, ғимараттардың шатырларында мергендер байқалған.

Наверх