Ақмола облысында темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашылды

15 Қазан 2022, 23:24
1817
Бөлісу:
Ақмола облысында темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашылды

Республика күні қарсаңында Ақмола облысында «SG Beton» деп аталатын темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ға сілтеме жасап.

Кәсіпорын қада мен плита жасайды. Нысан қуаттылығы жағынан елдегі ең ірі зауыттардың бірі болмақ. Тұрғын үй кешендеріне қажетті дайын бұйымдарды Астана мен қатар аймақтарға жеткізу жоспары бар. «SG Beton» зауыты заманауи құралдармен толық жабдықталған. Әрі озық технологияны пайдаланады. Жұмыс негізінен автоматтандырылған. Мұнда плита, баспалдақ, панельдік төбелер, іргетас блоктары мен қада шығарылмақ. Кәсіпорында 240 адам еңбек етеді. 

Кәсіпорын төрт ауысыммен толық циклде жұмыс істеуге арналған. Жұмысшылар негізінен жергілікті жердің азаматтары. Астана қаласынан келгендер де бар. Компания азаматтардың осы жақта тұрып жұмыс істеуіне жағдай жасай алады, - деді SG Beton зауытының директоры Амангелді Кәкібаев.

Жоба Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылды. Зауыттың ашылуына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысты. 

Өңір басшысы жаңа кәсіпорын импортты алмастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Мұндай жобаларды жүзеге асыру құрылыс нарығы үшін өте маңызды. Зауыт ерекше. Өйткені кәсіпорын 450 мың метрге дейін қада шығара алады. Бұл өте үлкен көлем, – дейді облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Зауыт құрылысына G-Park компаниясы 16 млрд теңге инвестиция салған. Ең алдымен, құрылыс компаниясының өзі сапалы өніммен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құнын арзандатуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы