Ақмола облысында балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылады?

Балалар лагерьлерге 1 маусымнан келе бастайды.

Бүгiн 2026, 15:32
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 15:32
Бүгiн 2026, 15:32
93
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Ақмола облысында кезекті оқу жылы штаттық режимде аяқталып, 25 мамыр күні мектептерде салтанатты жиындар мен сынып сағаттары өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында өңірде балалардың жазғы маусымы қалай ұйымдастырылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңір басшысының мәліметінше, биыл жазғы кезеңде мектеп балаларының 100%-ы қамтылса, оның ішінде 95%-ы тікелей демалыс және сауықтыру шараларымен қамтамасыз етілмек.

Балалар лагерьлерін құру жөніндегі Президент тапсырмасын Ақмола облысы толық орындап шықты. Соңғы екі жылдың ішінде өңірде жалпы сыйымдылығы 800 орынға жуықтайтын үш бірдей жаңа нысан ашылды. Бұл орталықтардың біреуі жыл бойы үзіліссіз қызмет көрсетсе, екеуі жазғы маусымда балаларды қабылдауға мамандандырылған, - деді әкім.

Марат Ахметжанов бұл жұмыстарға бюджет қаржысымен қатар, жеке инвесторлардың да белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

Бизнес те белсенді қолдау көрсетіліп жатыр. Инвесторлар лагерьлерді қалпына келтіру мен кеңейтуге 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады, - деді ол.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау аясында 450 миллион теңгеге екі балалар сауықтыру орталығына күрделі жөндеу жүргізілді. Ал сәуір айында Республикалық балалар туризмі қауымдастығымен бірлесіп өткізілген арнайы жәрмеңке Ақмола облысының демалыс әлеуетін Астана оқушыларына таныстыруға мүмкіндік берді.

Биыл жазғы демалысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. 116 мыңнан астам баланың жазғы уақыты 13 сауықтыру лагері мен 771 мектеп жанындағы орталықтарда ұйымдастырылады.

Қала сыртындағы лагерьлерде 18 000-ға жуық оқушы демалады деп жоспарланып жатыр. Облыс әкімінің сөзінше, бұл бағытта қамту географиясы тек өңірмен шектелмейді.

Соның ішінде 13 мыңы Ақмола облысының балалары болса, 5 мыңы Қазақстанның басқа өңірлері мен жақын шет елдерден келетін оқушылар, - деп айтты Ахметжанов.

Оның сөзінше, аймақтағы 2100 бала тегін жолдамамен қамтамасыз етілсе, қосымша 265 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарына жіберіледі.

Балалардың лагерьлерге келуі 1 маусымнан басталады. Демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін 47 ұйым жұмыс істеп, 47 000-ға жуық баланы түрлі үйірмелер мен секцияларға тартады. Сондай-ақ 36 000 бала экологиялық, еңбек және туристік іс-шаралармен қамтылмақ.

Халықты қуантатын тағы бір жаңалық – 1 маусымда облыс орталығында жаңа қауіпсіз балалар демалыс орны ашылады. Онда спорттық және велосипед жолдары, воркаут алаңдары мен қауіпсіз, заманауи жағажай аймағы пайда болады.

Тағы оқи отырыңыз: Балалардың каникулы толық бақылауға алынады – Үкімет 

Жазғы каникул: Қазақстанда балаларға қандай жағдай жасалады? 

Жазғы лагерьлер қатаң тексеріледі: 32 өтініштің тек бесеуіне рұқсат берілген 

Аида Шакибекова

Наверх