- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жазғы каникул: Қазақстанда балаларға қандай жағдай жасалады?
Жазғы каникул: Қазақстанда балаларға қандай жағдай жасалады?
Биыл ел бойынша 3,2 млн бала жазғы демалыспен қамтылады, лагерьлерге лицензия енгізіліп, барлық орталыққа полиция инспекторлары бекітілді
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгiн 2026, 10:43
Биыл жаз мезгілінде Қазақстан бойынша 3,2 миллионнан астам бала жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру мәселесі мемлекет бақылауында. Осы мақсатта Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен республикалық штаб құрылған.
Балалардың қауіпсіздігі басты назарда
Республикалық штаб аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық білім беру және сауықтыру орталықтарының жұмысы бақылауға алынған. Министрлік әлеуметтік санаттағы және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды жазғы демалыспен қамтуға ерекше басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 27 700 баланың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі шешілген.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп лагерьлерге арналған үлгілік ас мәзірлері әзірленген. Жаз мезгілінде балалардың тамақтануы, жатын орындарының жағдайы және көрсетілетін қызмет сапасы мемлекеттік бақылауда болады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық демалыс орталықтарына полиция инспекторлары бекітілген.
Лагерьлерге лицензия беру жүйесі енгізілді
Министрдің мәліметінше, биылдан бастап жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық балалар демалыс орталықтарының қызметі лицензиялау арқылы реттеледі.
Осыған байланысты бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралып, жаңартылған. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын талаптар, лицензия беру қағидалары және білім беру-сауықтыру бағдарламаларының стандарттары қайта бекітілді, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрлік демалыс орталықтарының жұмысын кезең-кезеңімен лицензиялау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ өңірлік штабтар әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп лагерьлерге әдістемелік қолдау көрсетуде.
Балалар лагерьлерін бірнеше орган бірлесіп тексереді
Биыл алғаш рет «Білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидалары» қабылданған.
Жаңа қағидаларға сәйкес жазғы маусым басталғанға дейін лагерьлердің дайындығын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, төтенше жағдайлар органдары, полиция, әкімдіктер мен білім басқармалары бірлесіп тексереді.
Сонымен қатар лагерь қызметкерлерінің соттылығы міндетті түрде тексеріледі. Балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарға «Балдәурен» және «Бөбек» орталықтары тартылған.
Жазғы демалысты ұйымдастыруға 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер қатысады.
Call-орталықтар мен QR-кодтар іске қосылды
Министрлік жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел көмек және кері байланыс жүйелері күшейтілгенін мәлімдеді.
Білім басқармалары жанынан арнайы колл-орталықтар ашылып, азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын қабылдайды. Сонымен қатар «111» байланыс орталығы жаз мезгілінде күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылған.
Соңғы үш жылда ондаған жаңа орталық ашылды
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Президент тапсырмасына сәйкес соңғы үш жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім беру ұйымы салынған. Биыл жыл соңына дейін тағы 3 800 орындық 10 нысан пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылған. Ал биыл тағы 840 орындық төрт сауықтыру орталығы іске қосылады.
Жаңа орталықтар робототехника кабинеттерімен, IT зертханаларымен, спорт және ойын алаңдарымен жабдықталған.
Министр Қызылорда облысында жаңадан ашылған оқу-сауықтыру орталығын ерекше атап өтті. Құны 10 млрд теңгені құрайтын жаңа нысан заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.
Биыл 11 мыңнан астам демалыс орталығы жұмыс істейді
Жалпы алғанда, биыл елімізде 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді.
Олардың ішінде:
- 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта;
- 168 мың бала 187 маусымдық лагерьде;
- 2 млн 990 мың бала мектеп және мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 928 демалыс орталығында демалады.
Балаларды қамту көрсеткіші Павлодар, Қызылорда, Абай, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жоғары екені айтылды.
Дарынды және әлеуметтік осал санаттағы балаларға қолдау көрсетіледі
Республикалық «Балдәурен» және «Бөбек» орталықтарында халықаралық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту бағдарламаларына қатысады.
Өңірлерде мұндай қолдау 370 мың дарынды балаға көрсетіледі.
Сонымен қатар:
- әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала;
- ерекше білім беруді қажет ететін 52 700 бала;
- педагогикалық назарды қажет ететін 17 100 бала жазғы демалыспен қамтылады.
Балаларға арналған IT, экология және кітап оқу жобалары іске қосылады
Жазғы каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуге де ерекше көңіл бөлінеді.
Оқушылар сарайлары, өнер мектептері және қосымша білім беру ұйымдары базасында шығармашылық, спорттық, туристік, интеллектуалдық және еңбек бағытындағы бағдарламалар ұйымдастырылады.
Президент тапсырмасына сәйкес жаз мезгілінде балалардың экологиялық мәдениетін, цифрлық дағдыларын және оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған жобалар іске асырылады.
Атап айтқанда, «Жасыл сабақтар» жобасы аясында экологиялық акциялар мен танымдық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен бірге жасөспірімдер «Жасыл ел» жасақтарында, мектеп орманшылықтарында және кәсіпорындарда уақытша жұмыспен қамтылады.
Бұдан бөлек, Астанада жақында ашылған TUMO Astana орталығында 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге генеративті жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау, графикалық дизайн және анимация бағыттары бойынша тегін курстар ұйымдастырылып жатыр.
Қазіргі таңда орталықта 1100 бала білім алуда. Жаз мезгілінде тағы 800 баланы қамту жоспарланған.
Сонымен қатар «Каникулда кітап оқимыз» жобасы аясында балалардың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бағдарламалар республикалық және өңірлік демалыс орталықтарында жүзеге асырылады.
Ең оқылған:
- Отандық сот сарапшылары аудио-дипфейктерді зерттеудің жаңа әдісін енгізді
- Жастар арасындағы Азия чемпионаты: Қазақстандық балуандар тағы алты медаль жеңіп алды
- БҚО-да мектеп түлектері ауылға "Эйфель" мұнарасын сыйға тартты
- Астанада жолаушы көлік терезесінен аяғын шығарып отырған: Жүргізушіге айыппұл салынды
- Оқушылар жазғы каникулда 350 мың теңгеге дейінгі табысты қайдан таба алады?