- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Балалардың каникулы толық бақылауға алынады – Үкімет
Балалардың каникулы толық бақылауға алынады – Үкімет
Лагерьлер мен мектеп бітіру кештері қатаң бақылауда болады.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгiн 2026, 12:54
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов оқу жылының аяқталуы, мектеп бітіру шаралары мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл екі жүз мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Алда оларды емтихан тапсыру, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өту және жоғары оқу орындарына түсу кезеңі күтіп тұр.
Бұл – балалар үшін өте маңызды кезең. Осы жауапты уақытты қауіпсіз әрі тиісті деңгейде өткізу – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті, – деді Олжас Бектенов.
Ол әрбір оқушы, түлек және студент үшін оқу жылын сәтті аяқтауға және жазғы демалысты толыққанды өткізуге жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.
Лагерьлер мен мектеп бітіру кештері қатаң бақылауда болады
Премьер-министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мен әкімдіктерге емтихан мен мектеп бітіру шаралары кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар өңір әкімдіктері мен жауапты министрліктерге осы аптаның соңына дейін балалар лагерьлері мен сауықтыру орталықтарының толық дайындығын қамтамасыз ету жүктелді.
Премьердің сөзінше, барлық нысан санитарлық, өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы қажет.
Тағам сапасы, инженерлік инфрақұрылым, медициналық қолдау және кадр мәселесі тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді Үкімет басшысы.
Балаларға Конституция мен жасанды интеллект негіздері оқытылады
Олжас Бектенов жазғы кезеңде жаңа Конституция мен жасанды интеллект негіздерін оқытуға арналған оқу бағдарламалары мен әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» ұрпағын қалыптастыру туралы тапсырмасына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, балалар лагерьлері мен мектеп жанындағы орталықтар тек демалыс ұйымдастыратын орын емес, азаматтық, адамгершілік және мәдени құндылықтарды насихаттайтын ортаға айналуы керек.
Сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидаттарын, мемлекетке, қоғамға және еңбекке құрметті дәріптейтін шығармашылық жобалар мен пікірталас алаңдарын көбейту тапсырылды.
«Таза Қазақстан» аясында экологиялық жобалар іске асады
Премьер-министр жазғы жұмыспен қамту бағдарламаларына экологиялық акциялар мен волонтерлік жобаларды енгізуді тапсырды.
Бұл жұмыстар Таза Қазақстан жалпыұлттық бастамасы аясында жүргізіледі.
Балалар ерте жастан өз ауласы, мектебі, ауылы мен қаласының тазалығы үшін жауапкершілікті сезінуі керек, – деді Олжас Бектенов.
Балалардың мінез-құлық мәдениетіне арналған жол картасы әзірленеді
Үкімет басшысы Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктеріне балалардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру бойынша арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Құжатта салауатты өмір салты, спортпен шұғылдану, дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу, дұрыс тамақтану, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, жеке гигиена мәселелері қамтылуы тиіс.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, вандализм мен мәдениетсіздікке қарсы күрес мәселесіне ерекше назар аударылды.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі күшейтіледі
Премьер-министр балаларды интернет-алаяқтықтан, буллингтен және заңсыз контенттен қорғау бойынша профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Бұл бағыттағы жұмыстарды Оқу-ағарту, Ішкі істер және Ақпарат министрліктері бірлесіп жүргізеді.
Су айдындары мен жағажайлар тексеріледі
Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірге 1 маусымға дейін су айдындарын, жағажайларды, бассейндерді және туристік аймақтарды тексеріп шығу тапсырылды.
Сонымен қатар құтқару құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, қызметкерлерді алғашқы көмек көрсету және құтқару дағдыларына оқыту міндеті жүктелді.
Мопед пен скутерге қатысты бақылау күшейеді
Премьер-министр жаз мезгілінде мопед, скутер және велосипед жүргізетін жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейетінін айтты.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктерге ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Балаларды, соның ішінде спорт командалары мен шығармашылық ұжымдарды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі де ерекше бақылауға алынбақ.
Балаларға музей мен театрға тегін бару мүмкіндігі кеңейеді
Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне әкімдіктермен бірге балалар туризмінің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.
Ал Мәдениет министрлігіне жазғы демалыс кезінде балалардың музейлерге, театрларға, кітапханаларға, мәдени орталықтар мен ұлттық саябақтарға тегін бару бағдарламаларын кеңейту жүктелді.
Оқушыларға уақытша жұмыс ұсынылады
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірге оқушылар мен студенттерді уақытша жұмыспен қамту шараларын ұйымдастыру тапсырылды.
Бұл ретте барлық еңбек құқықтары мен қауіпсіздік нормалары сақталуы тиіс екені атап өтілді.
Премьер-министр көпбалалы, аз қамтылған және ауылдық жерлердегі балалардың демалысына ерекше басымдық беру қажет екенін айтты.
Баланың өміріндегі ең маңызды құндылық – отбасы. Ата-ана баласының ортасы мен бос уақытын қалай өткізіп жүргенінен хабардар болуы керек, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелгенін айтты.
Ең оқылған:
- Отандық сот сарапшылары аудио-дипфейктерді зерттеудің жаңа әдісін енгізді
- Жастар арасындағы Азия чемпионаты: Қазақстандық балуандар тағы алты медаль жеңіп алды
- БҚО-да мектеп түлектері ауылға "Эйфель" мұнарасын сыйға тартты
- Астанада жолаушы көлік терезесінен аяғын шығарып отырған: Жүргізушіге айыппұл салынды
- Оқушылар жазғы каникулда 350 мың теңгеге дейінгі табысты қайдан таба алады?