Ақмола облысында балалардың құқығын қорғау саласында 235 заңбұзушылық анықталды

Тексеру барысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы көптеген заңбұзушылықтар анықталды.

 polisia.kz Бүгiн 2026, 19:13
Бүгiн 2026, 19:13
194
Фото: polisia.kz

Ақмола облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күні ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында 235 құқық бұзушылық анықталды.

Polisia.kz таратқан ақпаратқа сәйкес, заңбұзушылықтардың басым бөлігі жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жерде жүруіне қатысты. Мұндай 222 дерек тіркелген.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік тұтынуына байланысты 10 жағдай, ұсақ бұзақылықтың екі фактісі және қоғамдық орында тиісу дерегі бойынша бір жағдай анықталды.

Рейд қорытындысы бойынша балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 16 ата-ана мен заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Тағы төрт кәсіпкер алкоголь өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін жауапқа тартылды.

Профилактикалық шаралар барысында ювеналды полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған отбасылар мен жасөспірімдерді тексерді. Негізгі назар отбасындағы қолайсыз жағдайлардың, қараусыз қалудың және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға аударылды.

Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде 670-тен астам қолайсыз отбасындағы ата-ана және 150 кәмелетке толмаған бала тұр. Іс-шара кезінде қосымша сегіз ата-ана мен екі жасөспірім есепке қойылды.

Өңірде бұдан бөлек «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы да жалғасып жатыр. Оның аясында құқыққа қайшы әрекеттерге бейім үш бейресми жасөспірім көшбасшы анықталды.

Сондай-ақ Жарқайың ауданында кәмелетке толмаған адамның тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау немесе алып жүруінің бір дерегі тіркелді.

Интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында балалардың өмірі мен денсаулығына кері әсер етуі мүмкін контент жарияланған 56 интернет-ресурс пен жарияланым анықталды.

Ақмола облысы полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қайда жүргенін қатаң бақылауға алып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.

Наверх