Астанада В және С гепатиті тіркелді: Аурудан қалай қорғануға болады?

Мамандар инфекцияның жұғу жолдары мен алдын алу шараларын түсіндірді.

 ©BAQ.KZ архиві 4 Тамыз 2026, 15:00
4 Тамыз 2026, 15:00
134
Фото: ©BAQ.KZ архиві

В және С вирустық гепатиттері – ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермей дамып, бауырдың ауыр зақымдануына, циррозға, тіпті қатерлі ісікке алып келуі мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан әр адам инфекцияның қалай жұғатынын, алғашқы белгілерін және одан сақтану жолдарын білуі қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиеваның айтуынша, 2026 жылдың басынан бері елордада жедел вирустық В гепатитінің 6 жағдайы тіркелген. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,38-ді құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға төмендеген.

Ал жедел вирустық С гепатитінің 14 жағдайы анықталған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауру тіркелмеген. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,89 болса, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артқан.

Бұл көрсеткіштер В гепатитіне қарсы жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың, әсіресе вакцинацияның тиімділігін көрсетеді. Сонымен бірге С гепатитінің таралуының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін аңғартады, – дейді Жанна Пірәлиева.

В және С гепатиті қалай жұғады?

Маманның айтуынша, В және С вирустық гепатиттері – бауырды зақымдайтын жұқпалы аурулар. Инфекция адам ағзасына зақымдалған тері немесе шырышты қабат арқылы енеді. Инфекция көзі – жедел немесе созылмалы түрімен ауыратын науқас немесе вирус тасымалдаушы адам.

Вирус қан, шәует, сілекей және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы бөлінгенімен, эпидемиологиялық тұрғыдан ең қауіптілері – қан мен шәует. Сондықтан бұл аурулар көбіне қанмен жанасу немесе қорғалмаған жыныстық қатынас нәтижесінде жұғады.

Инфекцияның негізгі жұғу жолдары:

  • жұқтырылған қанмен жанасу;
  • стерильденбеген медициналық құралдарды пайдалану;
  • инелер мен шприцтерді қайта қолдану;
  • стерильді емес құралдармен татуировка немесе пирсинг жасату;
  • қорғалмаған жыныстық қатынас;
  • ортақ ұстараны, тіс щеткасын немесе маникюр құралдарын пайдалану;
  • ананың баласына босану кезінде жұқтыруы.

Қазіргі таңда аурудың эпидемиялық процесіне негізінен еңбекке қабілетті жастағы адамдар тартылып отыр. Тіркелген жағдайлардың шамамен 64 пайызын 20–40 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл халықтың белсенді әлеуметтік өмірімен, медициналық және косметологиялық қызметтерді жиі пайдалануымен, сондай-ақ жыныстық қатынас арқылы жұғу қаупімен байланысты, – дейді департамент басшысының орынбасары.

Алғашқы белгілері қандай?

Вирустық гепатиттің қауіптілігі – оның ұзақ уақыт бойы ешқандай симптомсыз өтуінде. Сондықтан ауру көбіне кеш анықталады.

Дегенмен төмендегі белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралған жөн:

  • жалпы әлсіздік пен тез шаршағыштық;
  • тәбеттің төмендеуі;
  • жүрек айну және құсу;
  • оң жақ қабырға астындағы ауырсыну;
  • буындар мен бұлшықеттердің сырқырауы;
  • зәрдің күңгірттенуі;
  • нәжістің түссізденуі;
  • тері мен көздің ақ қабығының сарғаюы.

Мамандар мұндай жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайтынын ескертеді.

В гепатитінен қорғанудың ең тиімді жолы

Жанна Пірәлиеваның сөзінше, В гепатитінің алдын алудың ең сенімді әрі тиімді тәсілі – вакцинация.

Бұл жаңа туған нәрестелерді инфекциядан қорғаудың жалғыз тиімді әдісі ғана емес, сонымен қатар бауыр обырының алдын алуға мүмкіндік беретін алғашқы вакцина болып саналады. Қазіргі таңда әлемнің 160-тан астам мемлекетінде В гепатитіне қарсы вакцинация ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген, – дейді маман.

Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балалар В гепатитіне қарсы үш рет вакцина алады:

  • бірінші доза – туған күні перзентханада;
  • екінші доза – 2 айлығында;
  • үшінші доза – 4 айлығында.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 26 мамырдағы № ҚР ДСМ-44 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес В гепатиті ошағындағы байланыста болған, бұрын вакцина алмаған және зертханалық тексеру нәтижесі теріс болған 15 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлеріне 0–1–6 схемасы бойынша вакцинация жүргізіледі.

С гепатитінен қалай сақтануға болады?

Қазіргі уақытта С вирустық гепатитіне қарсы вакцина жоқ. Сондықтан аурудың алдын алу жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға тікелей байланысты.

Татуировка немесе пирсинг жасататын орынды мұқият таңдап, тек лицензияланған мекемелерге жүгіну керек. Барлық құралдардың стерильді немесе бір рет қолданылатын болуын қадағалау, кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту, бөтен адамның ұстарасын, тіс щеткасын немесе маникюр құралдарын пайдаланбау маңызды. Медициналық және стоматологиялық қызмет алған кезде де бір рет қолданылатын құралдардың қолданылуына назар аудару қажет. Ал медицина қызметкерлері қауіпсіздік техникасын қатаң сақтап, В гепатитіне қарсы толық вакцинациядан өтуі тиіс, – дейді Жанна Пірәлиева.

Аурудың алдын алу – әркімнің өз қолында

Маманның айтуынша, В және С вирустық гепатиттері – алдын алуға болатын аурулар.

Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау, вакцинациядан уақытылы өту және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау инфекцияның таралуын айтарлықтай төмендетеді. Әр адам өзінің ғана емес, отбасы мен айналасындағы адамдардың денсаулығы үшін де жауапты екенін ұмытпауы керек. Аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда жеңіл әрі тиімді, – деп түйіндеді Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева.

Наверх