Францияда қалыптан тыс ыстықтың салдарынан үш атом электр станциясының реакторы уақытша тоқтатылды.
Les Echos хабарлауынша, мұндай шешімді EDF энергетикалық компаниясы қабылдаған.
Уақытша тоқтатылғандардың қатарында Гаронна өзенінің бойындағы «Гольфеш» атом электр станциясының екінші реакторы, Рона өзеніндегі «Бюже» АЭС-інің үшінші реакторы және Мез өзеніндегі «Шо» АЭС-інің екінші реакторы бар. Сонымен қатар ауа мен судың температурасы жоғары болғандықтан тағы сегіз реакторда электр энергиясын өндіру көлемі қысқартылған.
Басылымның мәліметінше, реакторларды салқындатуға пайдаланылатын өзен суларының шамадан тыс жылынуы оларды қалыпты режимде пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Осыған ұқсас шектеу бұған дейін, 9 шілдеде, «Гольфеш» атом электр станциясының тағы бір реакторына енгізілген еді.
Аптап ыстықтың әсері энергетика саласымен ғана шектелген жоқ. Франциядағы ауруханаларға күн өту мен ыстықтың салдарынан түскен науқастар саны күрт көбейіп, дәрігерлер қазіргі жағдайды COVID-19 пандемиясы кезіндегі жүктемемен салыстырып отыр.
Жоғары температура ауыл шаруашылығына да кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты билік Бастилияны алу күніне орай жоспарланған көптеген мерекелік іс-шараны, соның ішінде отшашуларды өткізуден бас тартты. Сонымен бірге елдің бірқатар өңірінде орман өртінің қаупі өте жоғары деңгейде сақталуда.
Табиғи өрттермен күрес жалғасып жатыр. Ло департаментінде орман мен бұталы алқаптың шамамен 155 гектарын шарпыған ірі өрттің таралуы тоқтатылды. Қауіпсіздік мақсатында 86 тұрғын эвакуацияланды.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нюньестің айтуынша, биыл орман өрті маусымы әдеттегіден бір ай бұрын басталған. Жыл басынан бері жалын шамамен 25 мың гектар аумақты шарпыған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге жуық көп.