Apple компаниясы патент дауына байланысты өтемақы төлеуге міндеттелді

Apple тағылған айыппен келіспейді.

 pixabay 29 Қыркүйек 2026, 01:30
29 Қыркүйек 2026, 01:30
126
Фото: pixabay

АҚШ-тағы алқабилер соты Apple компаниясын Taction Technology компаниясының патенттерін заңсыз пайдаланған деп танып, технологиялық алпауытты $5,7 млрд өтемақы төлеуге міндеттеді.

ВВС мәліметінше, Taction Technology 2021 жылы Apple компаниясын құрылғылардағы тактильді кері байланыс жүйесіне қатысты екі патентін бұзды деп сотқа берген. Бұл технология смартфондар мен смарт-сағаттарда хабарлама келгенде немесе батырма басылғанда діріл арқылы кері байланыс беруге мүмкіндік береді.

Taction Technology мәліметінше, Apple өз құрылғыларында осы технологияны лицензиясыз пайдаланған. Компанияның шағымында технологияның iPhone және Apple Watch сияқты құрылғыларда қолданылғаны айтылған.

Apple тағылған айыппен келіспейді. Компания өз құрылғыларындағы Taptic Engine жүйесі Taction Technology әзірлемесінен түбегейлі ерекшеленетінін айтып, сот шешіміне шағым түсіретінін мәлімдеді.

Бұған дейін, 2023 жылы Сан-Диего соты Apple компаниясы Taction патенттерін бұзбаған деген шешім шығарған. Кейін федералдық апелляциялық сот істі қайта қарауға жіберген.

Соңғы үкімде алқабилер Apple патенттерді қасақана бұзды деген қорытындыға келмеген.

Бұл Apple компаниясының соңғы жылдардағы патент дауларының бірі. 2025 жылдың қарашасында компания қандағы оттегі деңгейін өлшеу технологиясына қатысты патентті бұзғаны үшін медициналық технологиялар өндірушісі Masimo-ға $634 млн төлеуге міндеттелген.

Наверх