Апаттық жағдайда тұрған Қандысу қоймасы қашан жөнделеді?

24 Сәуір 2023, 11:51
1293
Бөлісу:
Апаттық жағдайда тұрған Қандысу қоймасы қашан жөнделеді?
Фото: didar-gazeti.kz

Шығыс Қазақстандағы апаттық жағдайда тұрған Қандысу қоймасын жөндеуге қаржы бөлінбей келеді, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Платинаның суды толық жинай алмауы себепті маңайдағы шаруалар қуаңшылықтан зиян шегуде.

Тарбағатай ауданы – соңғы жылдары қуаңшылықтың зардабын тартып, жемшөптің жетіспеушілігін көріп отырған өңір. Оған себеп – өңірдегі су платиналарының толыққанды жұмыс істемей тұрғаны. Соның бірі – егінші жұрттың уайымына айналған Қандысу қоймасының апатты жағдайда жұмыс істеп тұрғанына біраз жыл болды. Қанша жазылып, айтылса да мәселе шешілмей келеді.

Қазір қажетті судың жартысын ғана жинауға қауқарлы Қандысу қоймасын жөндемесе, алдағы уақытта шаруалардың жағдайы қиындамақ. Жергілікті жұрт зар қағып, қуаңшылық зардабын тартып отыр. Осыған байланысты аудан әкімінен Қандысу қоймасының қашан жөнделетінін сұраған едік.

Бұл – бәріміздің жанымызға батып отырған жағдай. Сонымен қоса өткен екі жылда қуаңшылық болғаны жағдайды қиындата түсті. Бұрын 43 миллион текше метр су жинайтын Қандысу қоймасы апаттық жағдайда тұр. Көктемгі қардың суымен бір рет қана суарған егіннің өнімі онша бола қоймайтыны белгілі. Бұл мәселені Аmanat партиясы арқылы Мәжіліс депутаттарына жеткізгенбіз. Экология министрлігімен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Президент аппаратынан, Үкіметтен инспекторлар көріп кетті. Бұл мәселені шешу үшін алдымен жобалық-сметалық құжат дайындауға 118 миллион теңге керек. Оны біз республикалық бюджеттен сұратып отырмыз. Биыл ақша бөлінсе, келер жылы жөндеу жұмысын бастап кетуге болар еді. Өкінішке қарай, бүгінде қаражат қарастырылып отырған жоқ. Сондықтан қаражат бөлінгенін күтеміз, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.

Әңгіменің ауанына қарағанда бүгін-ертең Қандысу қоймасының жөнделе қояр түрі жоқ сияқты. Бір белгілісі, су қоймасы «баяғы жартас, сол жартас» күйінде бүгінге жетіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы