Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 460 мың оқушы орнына арналған 217 «Келешек мектебі» салынды. Оның 84-і ауылдық жерде орналасқан. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, ұлттық жоба аясында 12 апатты және 54 үш ауысымды мектептің мәселесі толық шешілген.
Соңғы жеті жылда елімізде 1 342 мектеп салынды. Сонымен қатар 5 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылып, 7 мыңнан астам заманауи пәндік кабинет ашылды. Бұл – білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазіргі уақытта елімізде 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 56-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл 85 мектепті пайдалануға беру жоспарланса, қалған 16 нысанның құрылысы 2027 жылы аяқталады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бес өңірде 21 білім беру нысанын салу көзделген. Жоба Астана және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Маңғыстау, Абай және Ұлытау облыстарындағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып жатыр. 2026 жылы 1 688 заманауи пәндік кабинет сатып алу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 1 375-і алынған.
Сонымен қатар 178 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 91-і – ауыл мектебі. Қазіргі уақытта 133 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталған.