Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2022-2024 жылдардағы төрағасы болып сайланды. Қазақстан ұсынысты АӨСШК отырысында қабылдады. Жиын туралы мәлімет ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Қазақстанның төрағалығымен өткен онлайн отырыста Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің ассоциациясымен сыртқы байланыстар орнату туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Кеңестің Арнайы жұмыс тобының және Аға лауазымды тұлғалар комитетінің (АЛТК) жиынында 2022 жылы қазанда АӨСШК жөніндегі кеңестің VІ саммитін өткізу мәселесі талқыланды.
Мүше мемлекеттерге АӨСШК процесін одан әрі дамыту, оның ішінде Кеңесті халықаралық ұйымға трансформациялауды ілгерілету, Ақылмандар алқасын қалыптастыру, АӨСШК қорын құру, БҰҰ-ның терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру аясында АӨСШК іс-қимыл жоспарын қабылдау мәселелері бойынша төрағалықтың жоспарлары айтылды. АЛТК Хатшылықтың 2022 жылға арналған бюджетін және оның штаттық құрылымын мақұлдады. Сондай-ақ 2022-2024 жж. АӨСШК төрағалығына Қазақстанның кандидатурасы бойынша ұсыныс қабылдады, - делінген министрлік хабарламасында.
АЛТК төрағасы, ҚР СІМ бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев АӨСШК-нің 2021 жылғы қызметін қорытындылай отырып, Ақылмандар алқасын құру, Талдау орталықтары форумын тұрақты жұмыс істейтін алаң ретінде қайта құру мәселесін атап өтті. Сондай-ақ эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың қауіпсіздігі сияқты Сенім шараларының жаңартылған каталогының қабылдануы туралы айтты.
АӨСШК хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбайдың айтуынша, 2021 жылы мүше мемлекеттер 35 іс-шара өткізген және жыл соңына дейін қосымша 3 шара ұйымдастыру жоспарланған.
Аға лауазымды тұлғалар комитеті «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» және «Қаржы» басым салаларындағы тұжырымдамаларды, «Эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика» (Қазақстан), «Терроризмге қарсы күрес» (Үндістан) және «Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалану» (Ресей) басым салаларындағы үйлестірушілерді бекітті.