АӨСШК: 8 нақты бағытты көрсететін Жол картасы мақұлданды

22 Қыркүйек 2023, 17:09
573
Бөлісу:
АӨСШК: 8 нақты бағытты көрсететін Жол картасы мақұлданды
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

21 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Министрлер кеңесінің бейресми отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрлер кеңесі ұйымды нығайтуға және Азияның жаңа жаһандық рөліне бейімдеуге бағытталған реформалардың сегіз нақты бағытын көрсететін АӨСШК Трансформациясының Жол картасын мақұлдады. Онда құрамына 28 мүше-мемлекет кіретін аталған халықаралық ұйымды нығайтуға және және оның Азиядағы жаңа жаһандық рөліне бейімделуіне бағытталған реформалардың нақты сегіз саласы атап көрсетілген. Біртіндеп трансформациялау үдерісі 2022 жылы қазанда Астанада, Қазақстанның 1992 жылы БҰҰ қабырғасында ұйымды құру бастамасына 30 жыл толу мерейтойы құрметіне орайластыра ұйымдастырылған АӨСШК алтыншы саммитінде басталған болатын.

Жол картасы ұйым жарғысын әзірлеу, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздеу секілді ашық және толық емес тізбесі бар трансформация үдерісінің құрылымдық күн тәртібі мен жетекші құжаты ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ АӨСШК, бюджет және кадр реформасы және басқа да тақырыптарды қамтиды.

АӨСШК: 8 нақты бағытты көрсететін Жол картасы мақұлданды

Бүгінде АӨСШК - кең географиялық кеңістікті қамтитын және күн тәртібі бар бірегей паназиялық үкіметаралық форум. Бұл оны бейбітшілік, ынтымақтастық, қауіпсіздік және даму үшін елдерімізді біріктіру үшін ең қолайлы платформаға айналдырады. Ортақ мақсат орайында күш-жігер жұмылдыра отырып, АӨСШК-нің біріктіргіш рухын сақтайтындығымызға және нығайтатындығымызға, ұйымның халықаралық беделі мен әлемдік аренадағы тартымдылығын арттыратынымызға сенімім мол, - деп мәлімдеді Министрлер кеңесінің төрағасы, ҚР Премьер-мнистрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

АӨСШК Бас хатшысы, елші Қайрат Сарыбай Министрлер кеңесіне Хатшылық АӨСШК-нің Саммитінде белгіленген міндеттерді орындағанын хабарлады. АӨСШК-тегі Қазақстан төрағалығының тапсырмасы бойынша Хатшылық мүше-мемлекеттермен кеңінен кеңес құрып, олардың ой-пікірлерін жинап, Жол картасына сәйкес алдағы уақытта мүше-мемлекеттер талқылайтын трансформациялауға байланысты нақты шаралар бойынша ұсыныстар жасады.

АӨСШК министрлер Кеңесі сондай-ақ аталған ұйым қызметінің мүлдем жаңа бағытына саяси серпін беретін тұрақты даму мақсатында еріктілер қозғалысын ілгерілету туралы мәлімдеме қабылдады. Бұл азаматтарды, әсіресе жастарды волонтерлық қызметке белсенді түрде тартуға жол ашады.

Сонымен қатар Министрлер кеңесі тұрақты даму мақсатында еріктілер қозғалысын ілгерілету жөнінде мәлімдеме жасағанын қанағаттанушылық сезіммен атап өтем. Бұл құжат Азия Кеңесіне мүше мемлекеттерінің тұрақты әрі жарқын келешекке қол жеткізуіне игі әсерін тигізетін еріктілердің күш-жігерін одан әрі дамытуға және жәрдемдесуге деген құлшынысын көрсетеді. Бұл Азия Кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың мүлдем жаңа бағыты деп атауға болады. Мұндай бастамалар, сонымен қатар, мәдениетаралық диалогтың дамуына және біздің халықтарымыз арасындағы сенім мен толеранттылықты нығайтуға септігін тигізетіндігі сөзсіз, - Қайрат Сарыбай.

Министрлер кеңесінің мүшелері АӨСШК-ні институттық дамытудың алдағы перспективалары туралы байыпты пікір алмасып, Азия Кеңесін трансформациялаудың алғашқы қадамдарына қолдау білдірді. Министрлер сонымен бірге АӨСШК отырысының күн тәртібіндегі басқа да маңызды мәселелерді талқылап, АӨСШК Бас хатшысының келесі орынбасары қытайлық Чжан Лин ханымды тағайындау туралы шешім қабылдады.

Бүгін қабылданған Министрлер кеңесінің тағы бір маңызды шешімі - Бас хатшының келесі орынбасарын үш жыл мерзімге тағайындау. Қытай ұсынған Чжан Линг ханым осы лауазымда Қытай жіберген Чи Фан ханымның орнын басады. Екеуі де Аспан асты мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінің тәжірибелі дипломаттары. Жалпы Қытай Азия Кеңесі процесінің ең белсенді жақтаушыларының бірі. Мен мүше мемлекеттердің осы жоғары лауазымда сабақтастықты қамтамасыз еткеніне қуаныш білдіремін, - деді Қайрат Сарыбай.

Өзгелердің жаңалығы