Антикор қызметкері 7 жылға сотталды

8 Маусым 2022, 22:24
1751
Бөлісу:
Антикор қызметкері 7 жылға сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Сотталушы М-ға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айып тағылған.

Сотта мына жайттар анықталды: 2021 жылдың сәуір айында сотталушы М-ға "П.П" ЖШС басқарма төрағасы Б-ға қатысты департамент қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгені белгілі болған. М. 26 маусымда жәбірленуші Б-мен кездесіп, оған қатысты тексеруді тоқтатуға ықпал ете алатынын айтқан. Департамент пен агенттіктің басшылығы арқылы оның пайдасына оң шешім шығаратынын, бұл үшін 30 млн теңге талап еткен. М сол жылғы 30 маусымда сотталушы жәбірленушімен қайта кездесу кезінде 21 млн теңгеге келіскен. Бұл ақшаны сотталушы М танысынан Б-ның пәтерінен алып кетуін сұраған. Сол күні М-ның танысы жәбірленушінің пәтерінен ақшаны алған, - деп хабарлады қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ақша беру кезінде куәгерді ұстаған. Көрсетілген мән-жайлар және сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, Whatsapp мессенджеріндегі хат алмасумен, аудио, бейне жазбалармен, сараптама қорытындыларымен расталған. Прокурор М-ға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Сот сотталушы М-ны Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 28-бабының 4-бөлігімен, 367-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп таныды. Сотталушы М-ның қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай ретінде қарастырды. Сотталушының жасы мен отбасылық жағдайы ескерілді, - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімімен сотталушы М-ға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталушы 5 санатты біліктілік сыныбынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы