Әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденінен не себепті бас тартқанын айтты

27 Қазан 2023, 20:28
4207
Бөлісу:
Әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденінен не себепті бас тартқанын айтты
VIDEO
Фото: instagram.com/aliokapov

Белгілі әнші Әли Оқапов бірер күн бұрын алған "Құрмет" орденінен бас тартатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әли Оқапов деген кім?

Әли Тасқынұлы Оқапов 1991 жылы 22 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Анасы - Роза Рымбаева, әкесі - Тасқын Оқапов. 

Анасы - Роза Рымбаева 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанған. 

Оның туған інісі Мәди де шығармашылық жолында еңбек етеді. 

Әли Күләш Бәйсейітова атындағы музыкалық мектептің фортепиано сыныбын бітірген. 2010 - 2011 жылдары Астанадағы ҚАЗНУИ университетінде білім алған. Сол жылдары Темірбек Жүргенов атындағы университетте білімін жалғастырды. 

2008 жылы " black style dance studio" жерінде биден сабақ берген. Кейіннен hot 10 band live командасының клавишнигі болды. 2009 жылы slang тобының солисті атанды.

Қазір - эстарадалық әнші және биші ретінде танымал. Әнші осы уақытқа дейін түрлі марапаттарға ие болып келеді. Оның ішінде Алматыда болған "дельфий ойындары" сайысының 2-орын жүлдегері; "Алматы жүрегімде" байқауының 2-орын иегері; Қазақстандағы жұлдыздар фабрикасы жобасының финалисті; 2012 жылы "Саз әлемі" жобасында Баян Есентаеваның жыл жаңалығы номинациясын иеленді. "Жаным, сəлем!",  "Ақ тілек", "Биле!", "Қалаулым", "Қазақ елі", "Уайымдама" сынды тректері тыңдармандарының көңілінен шығып жатыр.

2020 жылы Әли Оқапов "Асыл" тобының солисі Ақерке Бүркітбайға үйленді. Қазір бір ұлы бар.

Республика күніне орай кеудесіне награда таққан саңлақтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында қоғам қайреткерлері, әртістер, әншілер және т.б. аса үздік жетістіктері үшін түрлі ордендермен марапатталды. 

Жақында Президент тапсырмасымен қайтарылған "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Дулыға Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбіловке, атақты әншілер Рамазан Стамғазиевке, Димаш Құдайбергенге және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді.

Марапатталғандардың арасында әнші Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқапов та болды. Ол "Құрмет" орденінің иегері атанды. Белгілі музыкант өзінің қуанышымен әлеуметтік желіде бөлісіп, осы атаққа лайық еңбек етуге барын салатынын айтты.

Әнші Әли Оқапов "Құрмет" орденінен не себепті бас тартқанын айтты

Бүгін "Құрмет" орденінің иегері атандым. Күтпеген жағдай болды, шынымен. Әрине, көп рахмет! Осы атаққа лайық еңбек етуге, атқарған сенімді ақтауға барымды саламын. Құттықтауларыңызға рахмет! Басымды иемін!, - деп жазды ол.

Халықтың жас әншінің марапатына деген көзқарасы қандай?

Әли Оқаповтың жас та болса, талантты әнші екені белгілі. Оның шығармашылығын үнемі бақылап отыратын тыңдармандары да жетерлік. Алайда әншінің әлеуметтік желісінде бөліскен қуанышты хабарының соңы негативті комментарийлерге ұласып кетті. Халық арасында жас музыкантқа осынау марапаттың берілуі әділетсіз дегендермен қоса, оған қолдау білдіргендер де аз болмады.

Мәселен Айнұр есімді желі пайдаланушысы жазбасын Отан үшін, ел үшін қандай еңбектеріңіз бар деген сауалмен бастады.

Не үшін? деген сұрақты мен де қойғым келеді. Халық үшін, Отан үшін, ел үшін қандай еңбектеріңіз бар? Ән жазып, шығармашылықпен айналысса, ол жеке басы үшін ғана . Мүмкін мен білмейтін ерен еңбектері бар ма екен. Мен қызғанғандықтан емес шындық үшін, - деп жазды ол.

Ал Гүлбану есімді оқырман еңбегі еленбей жатқан өнер саласында басқа да аға-апалар бар екенін айтты.

Ұят болды ғой. Әли жаксы жігіт. Розадай анадан тәрбие алған. Бірак орденге лайықты еңбегі жоқ қой.Қаншама еленбей жатырган өнер саласында аға-апалар бар, - деп жазды юзер.

Негативті пікірлердің арасында позитивтілері де болды. Еңлік Сақтан есімді журналист Әлиге қолдау білдіріп, марапаттарды алғанға емес, бергенге барып шабуыл жасау қажет деп кеңес берді.

Адамдар, сендерде жүрек бар ма өзі? Ол солай жылда, жылда елімізде жақсы жұмыс істеп жүрген азаматтарға кішігірім марапат береді, Президенттің алдына барады. Бұл барлық елде бар, норма, қалыпты нәрсе. Ешқандай да ағаттық жоқ. "Не үшін алдың?" деп тергейтіндей сіздер кімсіздер? Сіздер қандай еңбек еттіңіздер олай айту үшін? Иә, бәлкім қарапайым жұмысшыларға аздау көңіл бөлініп жатыр. Бірақ оған Әлидің не қатысы? Неге марапаттарды алғанға емес, бергенге барып шабуыл жасамайсыздар? Сөзім жоқ, - деді ол.

Әли марапаттан бас тартты

Халықтан мұндай реакцияны күтпеген әнші әлеуметтік желісінде видео жариялап, "Құрмет" орденінен бас тартатынын айтты. Ол бұл қадамға не себепті барғанын түсіндіріп берді.

Қадірлі достар, әріптестер және осы видеоны көріп отырған барша оқырман. Мен бұл мәселенің айналасында осыншама әңгіме өрбиді деп күтпеген едім. Дегенмен бұған бейжай қарай алмаймын және бұл дұрыс емес  те. Сол себепті мен 32 жасыма дейін қатысып жүріп, жеңіп алған барлық музыкалық және басқа да наградаларымнан бас тарту туралы шешім қабылдадым. Мен мұны баяғыда істегім келген. Себебі менің балама жеке бөлме қажет. Ал кабинет сөрелеріндегі ауыр темір наградалар балам үшін қауіп төндіруі мүмкін. Енді соны жүзеге асыруға мүмкіндік туындады. Ал мемлекеттік наградаларға келер болсақ. Бұл өте маңызды наградалар, себебі онда Қазақстанның рәміздері бар. Заңдарды оқып шықтым. Награданы қайтару туралы нормативтерді іздедім. Алайда ештеңе таппадым. Ондай заң жоқ. Сондықтан бұл наградаларға қатысты уәкілетті органның шешімін күтетін боламын. Олар қандай шешімге келеді, соны орындаймын. Мен Мәдениет министрлігіне алғысымды білдіремін. Маған және отбасыма сенім артқандарыңызға рахмет. Бұл ретте ұйымдастырушыларға да алғысым шексіз. Себебі мен ештеңе білмедім және сұрамадым. Тек берер күн алдын хабарлап айтты, - деді Оқапов.

"Оқаповқа берілген награда - жастарға стимул әрі үлгі-өнеге". 

Әріптестері Әлидің батыл шешіміне қатысты не дейді?

Осы жайтқа қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді. Ол Оқаповқа берілген марапат жастарға стимул әрі үлгі-өнеге болатынын атап өтті.

Өкінішке қарай жеке қабілеттерді бағалауда ағат пікірдің қалыптасуы кейбір сарапшылардың лексиконында жиі кездеседі. Әсіресе бұл белгілі адамдардың балаларына қатысты. Шынымен де анасының атағына байланысты көпшілік Әлидің шығармашылығына сыни көзбен қарайды. Алайда біршама жыл бойы жас әншілердің еңбек жолын бақылап келемін. Осы ретте Әли анасы сияқты  өз тыңдармандарына, өз аудиториясына құрметпен қарайтын өте еңбекқор, жоғары білімді, талантты әртіс.  Әли де, Роза Қуанышқызы да отансүйгіш адамдар. Бір адамның бойынан осындай қасиеттерді көру өте сирек кездеседі. Оның анасына, марқұм әкесіне деген сыйластығы, әкесінің ісін жаңа деңгейге жеткізуге деген талпынысы үлкен құрметке лайық. Әлидің әкесі басшылық еткен, аты аңызға айналған "Арай" ансамблін қайта жаңғыртқанын көбісі біле бермейді. Әли Оқапов жас әншілерге көп көмегін тигізіп келеді. Продюсерлік қызметін де алып жүр. Тіпті Қарулы күштер Әлидің бірнеше әнін қолданып та жүр. Менің ойымша, бұл нағыз еңбек адамының үлгісі. Бағалаған кезде әртістің шыққан тегіне қарамастан, объективті болуымыз керек. Әли Оқаповқа берілген награда - жастарға стимул әрі үлгі-өнеге деп есептеймін, - деді министр.

Әншіге әріптестері де қолдау білдірді. Олардың арасында Иманбек, Баян Алагөзова, Асылхан Төлепов, Әсел Садуақасова және тағы басқалары бар. Актер Асылхан Төлеповтің сөзінше, көбі ойлағандай, бұл таныс немесе ақша арқылы шешіле беретін мәселе емес. Тек халық арасында сондай стереотип қалыптасып кеткен.

Қазақта сөз бар "еркектің өзімен талассаң да, басындағы бағымен таласпа" деген. Бұл Алланың берген бағы. Көптің ішінен өзіңді таңдаған. Көбі ойлағандай, бұл таныс немесе ақша арқылы шешіле беретін мәселе емес. Бізде сондай стереотип қалыптасып кеткен. Сені танымал адам болғаннан кейін ғана бәрі талқылап кетті. Тек сен ғана алып, ешкім алмағандай. Алайда халық айтып жатқан мұғалім, құтқарушылар бәрі, бәрі де алып жатыр. Бұған дейін де алып келеді. Тек олар танымал емес, сол үшін ғана ол ақпараттар көлеңкеде қалып жатыр. Бәрі лайықты! Бірақ біреудің Алла берген бағына қарсы шығып, таласуға болмайды. Әли, жасап жатқаның, әрине, үлкен ерлік. Бірақ, бәрін жоққа шығарып, бір мезетте өткізіп тастау өкінішті. Еш мойыма! Жассың, замандаспыз, алар асуларымыз әлі алда. Тоқтама! Отбасың аман болсын!, - деді Төлепов.

Әли Оқаповты қолдаушылардың арасында "Грэмми" иегері Иманбек Зейкенов те болды. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Қазақстанда және ТМД елдерінде алғаш рет "Грэмми" музыкалық наградасын павлодарлық Иманбек Зейкенов иеленіп, тарихта атын қалдырған еді. Дегенмен Иманбектің жеңісіне қатысты Роза Рымбаева пікір білдіріп, "бұл жай сәттілік екенін, оның кәсіби музыкант емес екенін" айтқан еді. Иманбек өзінің Instagram-дағы парақшасында арнайы жазба қалдырып, Оқаповқа негатив жазбауды сұрады. 

Құрметті қазақстандықтар, біздің әріптесіміз, әрі досымыз Әли Оқапов "Құрмет" орденін иеленді. Оны шын жүрегіммен құттықтаймын. Өкінішке қарай, оның тарапына көп критика келіп түсіп жатыр. Мен мұнымен келіспеймін. Біз музыканттар өз тыңдармандарын қуанту үшін барлығын жасаймыз. Сол себепті оған негатив жазбауларыңызды сұраймын. Керісінше, Әли үшін қуанып, қолдау білдірейік. Өйткені біз шығармашыл адамдар басты міндеттердің бірі - ел мәдениетін көтеруге атсалысамыз, - деді Иманбек.

"Құрмет" ордені қашаннан бері беріліп келеді??

«Құрмет» орденi — 1993 жылы тағайындалған мемлекеттік марапат. Орденмен азаматтар экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері үшін, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін марапатталады. 

“Құрмет” ордені қазақ оюларымен нақышталған бес жұлдыз пішінде, оның астынан шапақты сәулелер көрінеді, ортасындағы шеңбердің ішінде гүл жапырақ бейнесіндегі айшықты өрнек, оның астында “Құрмет” атты жазуы бар.

Осы уақытқа дейін аталған марапатты Ғарифолла Есім, Илья Ильин, Әсел Сәдуақасова, Қанат Ислам, Отгонцэцэг Галбадрах, Нұржамал Үсенбаева, Владимир Путин, Бердібек Сапарбаев, Айгүл Мүкей және т.б. сынды азаматтар алған.

Өзгелердің жаңалығы