«Аңсаған сәби» бағдарламасы: Ақмола облысына 279 квота бөлінді

10 Ақпан 2022, 12:41
1849
Бөлісу:
«Аңсаған сәби» бағдарламасы: Ақмола облысына 279 квота бөлінді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақмола облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруға 279 квота бөлінді. 

Бағдарламаның беретін мүмкіндіктері, жұмыс істеу механизмі туралы Ақмола облысы бойынша отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық жөніндегі үйлестіруші Жұлдыз Әлпилам айтып берді.

–Бағдарлама бала сүйгісі келетін ерлі-зайыптылар үшін қаншалықты қолжетімді?

–Бағдарлама 2021 жылдың басында Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асырыла бастады. Оның басты мақсаты – қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Өйткені, мұндай жағдайлар жиі некені бұзуға әкелетіні жасырын емес. Айталық, қазір облыс бойынша «бедеулік» диагнозымен диспансерлік есепте 694 әйел мен 59 ер адам тұр. Жасанды ұрықтандыру күрделі және қымбат медициналық қызметтерге жататыны белгілі. Оның құны 800 мың теңгеден басталады. Әрі қарай шығындар әр жағдайда әр түрлі. Әрине, экономикалық фактор – көптеген отбасылардың ЭКҰ әдісіне жүгінбеуінің негізгі себептерінің бірі. Сондықтан «Аңсаған сәби» – мемлекет өтеусіз негізде ұсынатын ата-ана болудың бірегей мүмкіндігі. Бағдарлама тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қаржыландырылады.

– Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ па?

–Экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге квоталар бөлу 2010 жылдан басталды. Бірақ олардың саны аз болды, мысалы, біздің өңірге 30-40 қана бөлінетін. Соңғы екі жылда квота саны артты. Өткен жылы 274, биыл 279 квота бөлінді. Өткен жылы бөлінген квота жүз пайыз игерілді. 84 әйелде ЭКҰ әдісі нәтижелі болды, олардың тоғызы қазір ана болды. Екі отбасында бірден егіздер дүниеге келді, олардың бірі сәбилі болуды сегіз жыл күткен. 32 пайызға жуық көрсеткіш жаман емес деп санаймыз. Биыл 13 пациент процедуралардан өтіп жатыр.

– Мұндай көмекке қанша ақмолалық отбасы мұқтаж екенін көрсететін медициналық статистика бар ма?

– Өкінішке орай, бүгінде бұл туралы нақты статистикалық көрсеткіш жоқ. Өйткені некелі жұптардың белгілі бір бөлігі жекеменшік клиникаларға жүгінеді. Дегенмен қазір ерлі-зайыптылар бағдарлама туралы біліп, мемлекеттік емханаларға жүгінуде. Бұл әрине, қуантады. Біз өзіміз де ақпараттық жұмыс жүргіземіз және БАҚ белсенді түрде көмектеседі.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасына жүгінгісі келетіндер нені білуі тиіс? ЭКҰ әдісі қалай жүзеге асырылады?

– Бағдарлама бойынша ЭКҰ қатаң түрде медициналық көрсеткіштер бойынша қажетті талдаулармен расталады. Процедура жылына бір рет қарастырылған, жүктілік басталғанға дейін қайталанады. Егер ерлі-зайыптылар баланың туылуына байланысты проблемаларға тап болса, алдымен жергілікті гинеколог – отбасын жоспарлау маманымен байланысуы керек, олар әр ауданда жұмыс істейді. Есепке тұрып, бір жыл бойы тексеруден өтіп, екі серіктес репродуктологтың кеңесін алады. Өкінішке орай, біздің облыста мұндай мамандар жоқ. Осы ретте біз басқа қалалардың, соның ішінде Нұр-Сұлтанның эко-орталықтарының дәрігерлерімен байланыстамыз, бетпе-бет және қашықтықтан консультациялар өткіземіз. Отбасы тұрғылықты жері бойынша жүгінген медициналық ұйымда әр жұп кезекке қойылады. Рас, бұл жұмыста сәтсіздіктер де кездеседі. Есепте тұрғандарды тексеруге шақырамыз, бірақ көпшілігі түрлі себептерге байланысты дайын болмай жатады. Сол уақытта олардың орнына қолдарында қажетті медициналық құжаттары бар басқа ерлі-зайыптылар келеді. Тест тапсыру, әртүрлі тексерулерден өту ұзақ процесс, бірақ дұрыс диагноз қою үшін мұқият тексерілу өте маңызды. Мысалы, гормоналды өзгерістер, қабыну процестерін, ықтимал қауіптерді болдырмау керек. Егер отбасы аймақтан тыс жерде жоғары технологиялық зертханалық диагностиканы қажет етпесе, барлық зерттеулер тегін. Бір шарт бар: пациент МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс.

– Есепке тұру үшін кезек қаншалықты ашық?

–Медициналық ұйымдардағы кезек барынша ашық. Жергілікті жерлердегі медициналық ұйымдар емханалар-диспансерлік науқастардың, оның ішінде квота бойынша ЭКҰ-ға мұқтаж адамдардың тізімін жүргізеді. Олар пациенттердің құжаттарын облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы комиссияға жібереді. Ол ұсынылған пакеттің негізінде in vitro ұрықтандыруға бедеулігі бар науқастарды жіберу туралы шешім қабылдайды. Өзім де комиссия мүшесімін, оған тек мамандар ғана емес, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де кіреді. Біз пациентті көрмейміз, тек бастапқы медициналық деректерді талдаймыз. Медициналық мәліметтер бойынша қатысушының бағдарлама үшін іріктеу критерийлеріне сәйкестігін тексереміз. Ерлі-зайыптылардың барлығы дерлік ЭКО-орталыққа жолдама алады. Пациенттер, егер бірінші рет әрекет сәтсіз болса, қайтадан тізімге енгізілетінін біледі. Эко-орталықты ерлі-зайыптылардың өздері таңдайды. Өткен жылы Алматы, Тараз, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларында 28 қызмет көрсетілді. Жақын болғандықтан ақмолалықтардың көпшілігі елорданы таңдайды. Мұнда пациенттерді ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, «Астана ЭКОлайф», «ЭКОмед Плюс», «Геном», «Мединновация Астана» медициналық орталықтары қабылдайды.

– Бағдарламаға қатысушыларға арнайы талап қойыла ма?

-–Бағдарламаға 19-дан 49 жасқа дейінгі әйелдер жүгіне алады. Аталған жобаны 2018 жылдан бері үйлестіремін.  Бұл жұмысты учаскелік акушер-гинеколог ретінде жақсы білемін. Науқастар алдымен бастан-аяқ тексеріледі. Эко – күрделі процесс, төзімділікті қажет етеді. Өзімнің тәжірибемде 43 жастағы әйел тұңғыш нәрестесін дүниеге әкелді. Бұл нағыз жеңіс болды дер едім. Осы ретте, әйелдер жылдар өте бала туу қабілеті төмендейтінін білуі тиіс. Жүктіліктің сәтті аяқталуы да маңызды. Біз іштегі нәрестемен қатар, әйелдің де өмірі үшін күресеміз. Осы ретте мамандарға қойылатын талап қатал. Сондықтан ЭКҰ-дан кейін босанғанша әйелдер тәуекел тобында, мамандардың үнемі бақылауында болады.

Бала сүюден асқан бақыт жоқ. Акушер-гинеколог мамандығында дені сау ана мен бала – қос қуаныш. Біз тек осындай нәтижеге жету үшін жұмыс істеуге тырысамыз. Аудандардағы әріптестермен де тығыз байланыстамыз. Баласыз отбасыларға барынша көмектесу үшін кеңес береміз. Тек шыдамдылық, жауапкершілік және сенім болса, арман шындыққа айналады.

Өзгелердің жаңалығы