Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты кітап тұсаукесері өтті

18 Шілде 2022, 18:47
2072
Бөлісу:
Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты кітап тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының қолдауымен «Алаш» қозғалысының белгілі көсемі, ұлттық ғылымның негізін салушы, ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Қазақстан және Ресей суретшілер одағының мүшесі, «Үздік педагог – 2021» конкурсының жеңімпазы, Қазақ экономика консалтинг университетінің профессоры және «Бабалар аманаты» халықаралық жобасының авторы Қанағат Кодековтың кітабының 4-ші томының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының өкілдері, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі, «Қазақ елі» журналының бас редакторы Серкан Динчтүрк, Анкараның университеттерінде білім алып жүрген қазақ-түрік докторанттары мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.

Елші ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен ғылыми еңбектері туралы қысқаша айтып берді.

С. Динчтүрк белгілі суретші Қ. Кодековқа «Бабалар аманаты» атты кітабы, ата-бабаларымыздың қалдырған мұраларын келешек ұрпаққа жеткізуде, танытудағы суретшінің атқарып отырған зор еңбегіне ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Қ. Кодеков «Бабалар аманаты» ұлттық жобасына тоқтала келе, аталған жобада кәсіби және кәсіпқой суретшілердің еңбектерінің жинағынан құралған өзінің кезекті туындыны – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық құрметіне арналғанын және мұндай туындылар жас буынды тарихқа баулып, отансүйгіштікке жетелейтінін атап өтті.

Жиын соңында Елші Е. Сәпиев Қ. Кодековті Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапаттады.

Өзгелердің жаңалығы