Ангиограф аппараты 65 жастағы тұрғынның өмірін сақтап қалды

23 Қазан 2020, 09:37
2052
Бөлісу:
Ангиограф аппараты 65 жастағы тұрғынның өмірін сақтап қалды

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Диагнозды дұрыс қойып, дер кезінде медициналық көмек көрсетілсе, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік көп.

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бақытжан Досжанов осылай дейді. 

Бөлімше дәрігерлері мұнда түскен 65 жастағы тараздық науқасқа дәл осылай шұғыл шешім қабылдап, ота жасаған. Нәтижесінде, емделушіні ажалдан арашалап қалды. 

Мамандар қарияның миына қан кету белгісін бірден байқап, көп мөлшерде жедел қан жоғалту салдарынан макроциркуляция мен микроциркуляция бұзылысымен, ағзалар мен ағзалар жүйесінің жетіспеушілігі дамитын критикалық жағдайды дөп басып білген. 

Талдау-тексеру барысында науқастың ағзасына қалыңдығы инедей ғана болатын арнайы темір құрылғы енгізіліп, қан тамырларын толық аралап шығып, майда жасушалардың әлсіз тұсының жыртылғаны анықталды. Бұл өте қатерлі жағдай болғандықтан, оған шұғыл түрде эндоваскулярлық, яғни жүрек-қан-тамырын стенттеу отасы жасалды, - деп түсіндірді Бақытжан Досжанов. 

Негізі адам ағзасының қалыпты жұмысы жүрек-қан тамыр жүйесінің дұрыстығына тікелей байланысты екен. Өйткені зат алмасу, қоректену, қайта қалпына келу, жасуша тіршілігі нәтижесінде пайда болған ыдырау өнімдерін шығару және тағы басқа үрдістерді қамтамасыз ету үшін қан тамырларында қан үздіксіз айналып туруы қажет. Бұл жағдай тек жүрек-қан тамыр жүйесінің ғана емес, ондағы қанның физикалық қасиеттеріне және химиялық құрамына да байланысты көрінеді. Егер қан тамырларындағы қан қоюланып кетсе, оның жабысқақтық қасиеттері күшейіп, қан айналымы нашарлай береді. 

Бөлімше меңгерушісінің сөзіне қарағанда, жалпы эндоваскулярлық жедел операция ангиограф аппаратымен жасалады. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы «Philips Allura Xper FD20/15» деп аталатын жоғары санатты бипланды ангиографиялық жүйесін Голландиядан сатып алған болатын. Медициналық кешен алынғалы бері 3 науқасқа күрделі ота жасалып, бәрі сәтті шыққан. 

Құрылғы  жыл сайын 1000-ға жуық жоғары технологиялық тромбоэкстракция, ангиопластика, стендтеу, эмболизация оталарын жасауға, 1500-ден астам коронарлық ангиография, ұйқы артерияларына, перифериялық тамырларға зерттеулер жүргізуге қауқарлы. Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан кейін, Тараз шаһарында қолданысқа енгізілген аппарат қалалық көп бейінді аурухана мамандарына емдеу ісін тиімді ете түсуіне көп пайдасын тигізуде, - дейді Бақытжан Досжанов.

Аппараттың қан тамыры ауруларының диагностикасын анықтау мүмкіндіктері өте үлкен. Әсіресе, емдеу кезеңіндегі зерттеулер арқылы оталық ем қажеттілігін анықтауға тигізетін септігі көп. 

Заманауи инновациялық құрылғының ішіндегі үздігі саналатын ангиограф аппаратының Жамбыл облысы орталығында болуы – үлкен жетістік. Мұның мүмкіндігі мол. Оның тиімділігі – аурудың туындау себебін дәл анықтау мүмкіндігінде жатыр. Ал ерекшелігі – отаның тамырдың ішінде жабық түрде жасалатындығында. Мәселен, қан кеткен және жүрмей қалған тұсты тез анықтап, тамырды бітеуге, модельдеуге, қалпына келтіруге, тар тамырды кеңейтуге мүмкіндік береді. Науқас ояу жатып, бейнебақылау, яғни арқылы қарай алады. Ашық ота кезінде сырқатқа наркоз беріледі. Ота кемінде 3-4 сағатқа дейін созылады, әрі жабық түрде жасалатындықтан, асқыну себептеріне жол берілмейді, - дейді бөлімшенің меңгерушісі.
Өзгелердің жаңалығы