Анамның арманы қызын полицей формасында көру еді - Сәрсенбекова

7 Наурыз 2022, 17:32
1820
Бөлісу:
Анамның арманы қызын полицей формасында көру еді - Сәрсенбекова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz қос иығына погон тағып, ерлермен қатар елі мен жерінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген арулар жайлы ақпарат ұсынған.

Алма әр салаға бір еліктемей, мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ, "мен полицей боламын" деген мақсат қойған. Ол жылдам шешім қабылдайтын және оған жету үшін қиындықтарға қарамайтын, өте төзімді де, ақылды ару. Полицей болуды мақсат еткен Алма 11 сыныпты бітірген соң құқықтану мамандығына оқуға түсті. 

Елордамыз Нұр-Сұлтанда, алмалы бақ Алматыда, шырайлы Шымкентте еңбек етіп, тәжірибе жинады. Қай қала да болса да, шен тақпай-ақ, құқық қорғау қызметінде жұмыс жасады. Бұл да Алманың өз мамандығына деген сүйіспеншілігінің айғағы. Бүгінгі таңда ол полиция қызметінде жұмыс жасайды. Қазір бір ұлы мен екі қызының алдында оларды айналып-толғанып отыратын сүйкімді ана, жолдасының алдында ақылды әйел, сұлу жар. Ал жұмысында белсенділігі жоғары білікті қызметкер. Полиция сержанты мерекеге орай өзінің жүрекжарды тілегін айтып, барша нәзік жандыларға ыстық ықыласын жеткізді.

 8 наурыз мен үшін ең бірінші аналардың мейрамы. Анамның арманы әлпештеген қызын полицей формасында көру болатын. Міне, кеш те болса арманын орындадым. Әйел адамның құрсағынан шыққан қандай перзент болса да, бұл мереке қарсаңында алдымен аналарын қуантуға  асығады. Еліміздің гүлдей құлпырған, ақылына көркі сай бойжеткендеріміз, қыз қылықты бүлдіршіндеріміз, аяулы аналарымыз, асыл әжелеріміз бәрі-бәрі аман жүрсін. Көктемнің шуағы жер шарына шашырай төгіліп, әйел тәнін көркемдеп, жанына жылулық сыйласын. Халықаралық мерекені күтіп, көгілдір көктемді сағынған барша асыл жандарға шын жүректен бақыт тіледім, – деген тілегін айтты шенді ару.

Өзгелердің жаңалығы