Жуырда Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне тағы бір сотталған азамат алынды. Ол сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен 4 жыл 6 ай мерзімге айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 63-бабы қолданылып, жазаны шартты деп есептеп, пробациялық бақылауға алынды.
Есептегі азамат оқиғанын қалай болғанын айтып берді.
Таныстарыммен бірге ішімдік ішкен болатынбыз. Ішкен адамның жағдайы белгілі ғой, арамызда ерегіс туындады. Қатты ашуға булығып, бір-бірімізге қол жұмсадық. Мас болғаным сонша, айтқан сөздерін көтере алмадым. Қайтыс болған анама тіл тигізгені үшін мен де қарап қалмадым, - дейді пробация есебіндегі азамат.
Ер адам бүгінде жасаған ісіне қатты өкінетінін жеткізді.
Қазір өзімді ұстай алмағаныма қатты өкінемін. Мен көпбалалы әкемін, балаларымды ойлаймын. Түзеліп, оларға дұрыс тәрбие беруім керек. Ішімдіктің опа бермейтінін өз басымнан өткеріп отырмын. Жасым 60-қа таяғанда істі болғаныма қатты қынжыламын. Барша азаматтарға айтарым – ішімдікке жоламаңыздар. Бір сәттік ашу бүкіл өміріңізге кесірін тигізуі мүмкін, - деп өкінішін білдірді ол.
Қазіргі таңда қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 500-ден аса сотталған есепте тұрады.
Бұған дейін тәтесін қызғанған павлодарлық сот шешімімен көше сыпырып жүргенін жаздық.
Тағы оқи отырыңыз: "Оңай табыс тапқым келді": TikTok-та "бизнес" жасаған 19 жастағы жігіт сотталды