Анадолыдан Атажұртқа: Ердоған сапарының экономикалық астары

Биылғы кездесудің үлкен геосаяси, логистикалық астары бар.

 Ақорда Бүгiн 2026, 11:35
Бүгiн 2026, 11:35
197
Фото: Ақорда

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Астанаға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының астарында қарапайым дипломатиялық рәсімнен әлдеқайда ауқымды мәселе тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан үшін Түркия жай ғана сыртқы саудадағы әріптес емес. Бұл – тарихи тамыры ортақ, саяси сенімі қабысқан және геоэкономикалық мүддесі тоғысқан мемлекет. Соңғы жылдары екі ел арасындағы байланыс тек мәдени-гуманитарлық деңгейде қалып қоймай, нақты экономикалық жобаларға ұласып келеді. Осы тұрғыда экономист Айбар Олжай қазіргі таңда Түркия Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мемлекетке айналып келе жатқанын айтады.

 Түркия қазір Қазақстан үшін жай ғана серіктес емес. Бұл – Еуропаға шығатын маңызды экономикалық қақпа. Ал Қазақстан Түркия үшін Орталық Азиядағы негізгі тірек мемлекеттердің біріне айналып келеді, – деп пікір білдірді Айбар Олжай.

Бүгінде Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің қатарына енді. Қытай, Ресей, Италия және Нидерландпен қатар аталуының өзі Астана мен Анкара арасындағы экономикалық байланыстың кездейсоқ емес екенін көрсетеді.

Экономист пікірінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 5,4 миллиард долларға жетіп, 8,8 пайызға өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 39 пайызға артып, 1,7 миллиард долларға жуықтады. Бұл - екі ел арасындағы сауда байланысы жаңа кезеңге өткенінің белгісі.

Саудамен қатар инвестициялық ықпалдастық та күшейіп келеді. Түркия Қазақстан экономикасына шамамен 6 миллиард доллар инвестиция құйып, еліміздегі маңызды инвесторлардың біріне айналды. Ал Қазақстанның Түркия экономикасына салған инвестиция көлемі 2,2 миллиард долларға жетті.

Қазіргі таңда Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен жалпы құны шамамен 9,5 млрд доллар болатын 171 жобадан тұратын ауқымды пул қалыптасқан. Оның ішінде 4 млрд долларға тең 98 жоба сәтті іске асырылды. Тағы 3,9 млрд долларды құрайтын 50 жоба белсенді іске асыру сатысында. Бұдан бөлек, 1,6 млрд долларға бағаланған 23 әлеуетті жоба екі ел арасындағы инвестициялық байланысты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді, - деді экономист.

Әңгіме тек құрылыс немесе сауда туралы емес. Агроөнеркәсіп, өндіріс, логистика, инфрақұрылым және транзиттік хабтар бойынша нақты жобалар көбейіп келеді.

2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға жасаған сапары кезінде агроөнеркәсіп пен логистика саласында 400 миллион доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Ал биыл Астанада өткен үкіметаралық комиссия отырысы сол уағдаластықтардың жалғасына айналды.

Бірақ биылғы кездесудің үлкен геосаяси, логистикалық астары бар, - деп жазады ол.

Үлкен дәліздің тағдыры

Сарапшының айтуынша, қазір Түркия Оңтүстік Кавказдағы жаңа транспорттық конфигурацияны қалыптастыруға белсенді кірісті. Әзірбайжан мен Армения арасындағы болашақ транспорттық байланыс, Зангезур дәлізі, Каспий бағыты - мұның бәрі бір-бірімен тікелей байланысты.

Түркия Оңтүстік Кавказда Армения-Әзірбайжан транспорттық блогын қалыптастырып жатыр. Дәл осы тізбекке Қазақстан қосылып, Қытай-Қазақстан-Кавказ-Түркия-Еуропа коридорының берік негізін құрмақ. Демек, Зангезурдағы "Трамп жолы" жобасының нақты тағдыры сөз болмақ, - деп пікір білдірді Айбар Олжай.

Еске салайық, кеше Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келді.

Сапар аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Сондай-ақ Ердоған Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр.

Наверх