16 Қазан 2026, 18:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

«Жоқ, жібер баланы!»: Атырауда полицияның күдіктіні ұстауы дауға айналды

Анасының жанайқайы жұртты бейжай қалдырмады. Алайда 31 жастағы ер адамның полициямен мәселесі бұған дейін басталған болып шықты. Оның неден күдіктеніп отырғаны белгілі болды.

Атырауда 31 жастағы ер адамның тікенекті сыммен қоршалған жерге шығып, полицияға қарсылық білдірген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушылары полицейлердің әрекетіне қатысты пікір білдірсе, облыстық Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ер адамның анасы «Жоқ, баланы жібер!» деп айқайлағаны естіледі. Бұл көрініс көпшіліктің назарын аударып, кейбір қолданушылар полиция қызметкерлерінің әрекетін сынға алды.

Оқиға 13 қазанда болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 31 жастағы ер адам полиция әрекетіне наразылық білдіру мақсатында тікенекті сыммен қоршалған қоршауға шыққан. Алайда кейін оның бұған дейін де биікке шығып, қауіпті әрекет жасағаны белгілі болды.

Осыдан бір апта бұрын ер адам Атыраудағы Самал шағынауданындағы көпқабатты үйдің сыртқы кондиционер блогына шыққан. Сол кезде ол қолхатпен босатылған. Ал екінші оқиғадан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Атырау облысы Полиция департаментінің BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабына сәйкес, әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Бейнежазбада көрсетілген 31 жастағы азамат қыркүйек айында қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Полицияға шақырту алғанына қарамастан, ол келуден жалтарған. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс бойынша кешенді тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция қандай қылмыстық істі тергеп жатыр?

Полицияның мәліметінше, ер адам танысымен болған жанжалдан кейін басқа адамдармен бірге оған суық қару қолданып, дене жарақатын салған.

Оқиғаның мән-жайына қатысты қосымша мәліметтерге сәйкес, жанжал кезінде қатысушылардың бірі пневматикалық қарудан үш рет оқ атқан. Осыдан кейін төбелес басталып, суық қару да қолданылған.

Бастапқыда 31 жастағы ер адам бұл іс бойынша куәгер ретінде өткен. Ал жанжалға қатысқан тағы екі адам нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда үкіммен келіспеген сотталғандар жанжалды бастаған адам осы ер адам екенін мәлімдеген.

Осыдан кейін сот оның әрекеттеріне құқықтық баға беру қажеттігі туралы жеке қаулы шығарған. Нәтижесінде бұзақылық бабы бойынша жеке іс жүргізу басталып, қыркүйек айында бұрын куәгер болған азамат күдікті деп танылған.

Полицияның түсіндіруінше, ер адам тергеу әрекеттеріне шақырылғанымен, келуден жалтарған. Қазір ол қамауға алынып, қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Ведомство азаматтарды жалған, тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Семейде жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастаған полиция қызметкері өмір бойына сотталғаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз: