Абай облысында жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық істің үкімі шықты. Сот баланың анасын екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткенмен, ол рақымшылық туралы заңға сәйкес жазадан босатылды.
Ал оның жігіті өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Екеуі де полициядағы арнаулы атақтарынан айырылды.
Оқиға 2026 жылғы ақпанның басында болған. Семейдегі қоқыс контейнерінен нәрестенің мәйіті табылғаны туралы полицияға хабар түскен. Тергеу барысында үйінде жасырын босанған 2005 жылы туған қыз анықталды. Іс бойынша оның жігіті де жауапқа тартылды. Сот материалдарына сәйкес, ол баланы көлігімен апарып, қоқыс жәшігіне қалдырған.
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарап, 15 қазанда үкім шығарды.
Анасы рақымшылықпен жазадан босатылды
Сот баланың анасын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап ананың жаңа туған баласын өлтіру қылмысына қатысты. Оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Аталған бап бойынша төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алайда 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде сотталушы жазадан босатылды. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ол полицияның кіші сержанты арнаулы атағынан айырылды.
Екінші сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды
2000 жылы туған екінші сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап кәмелетке толмаған адамды өлтіру қылмысына қатысты. Сот оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар сотталушы полицияның аға лейтенанты арнаулы атағынан айырылды.
Сот іс материалдарын жан-жақты зерттеп, айыптаудың негізділігіне құқықтық баға берді. Екі сотталушы да өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Сараптама нәрестенің тірі туғанын көрсетті
Судьяның айтуынша, сотталушылардың кінәсі іс материалдарына жинақталған дәлелдермен расталған. Сотта SMS-хабарламалар, WhatsApp желісіндегі хат алмасулар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде алынған айғақтар, сот сараптамаларының қорытындылары және сарапшылардың жауаптары қаралған.
Сотталушылар тағылған айып бойынша өз кінәсін мойындамады. Алайда сот олардың кінәсі іс материалдарында жинақталған дәлелдердің жиынтығымен расталады деген қорытындыға келді. Іс бойынша SMS-хабарламалар, WhatsApp желісіндегі хат алмасулар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған айғақтар, сот сараптамаларының қорытындылары және сотта сарапшылар берген жауаптар зерттелді. Сотта қаралған сараптама қорытындыларына сәйкес, бала туған кезде тірі болған. Біраз уақыт өткен соң суықтың әсерінен қайтыс болған, – деді сот үкімін оқыған судья.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.