Туризм, мәдениет, спорт салаларындағы соны серпін: 2026 жылы қандай оң өзгерістер болды?
Жолбарыстар қазақ даласына қайта оралып, еркіндікке жіберілуде, балалар спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алуда, ал музей экспонаттары шалғайда тұратын жандар үшін де қолжетімді бола бастады. Соңғы жылдары Қазақстандағы өзгерістер тек экономика мен инфрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар адамдардың күнделікті өмірін – олардың бос уақытын, демалысын, шығармашылықпен және спортпен айналысу мүмкіндіктерін де қамтыды. Осы өзгерістердің айқын нәтижелері BAQ.KZ шолуында.
Тұран жолбарысы түлеп, кең далаға жан бітті
2026 жылдың айтулы оқиғаларының бірі – жолбарыстардың Қазақстанның жабайы табиғатына қайта оралуы болды. 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет «Іле-Балқаш» резерватында Үміт есімді ұрғашы жолбарыс еркіндікке жіберілді. Мамандар жануардың қозғалысын спутниктік қарғыбаудың көмегімен бақылап отыр.
31 қазанда Амур есімді екінші жолбарыс табиғат аясына босатылды. Жалпы, мамыр айында резерватқа Ресейден төрт амур жолбарысы жеткізілген болатын.
Қазақ даласында Пржевальский жылқыларының популяциясы да қайта жаңғыруда. 2026 жылдың қазан айына қарай үйірдегі жануарлар саны 22 басқа жетті. Тамыз айында олардан екі құлын дүниеге келді.
Арал теңізінде де үміт сыйлайтын өзгерістер болып жатыр. Теңіздің тартылған табанында тереңдігі 500 метр болатын тұщы сулы екі ұңғыма бұрғыланды. Суарылатын учаскелерде өсімдіктер пайда болып, мамандар жабайы аңдар мен құстар санының артқанын атап өтуде.
Бұрынғы қоқыс орнынан жасыл саябаққа дейінгі өзгеріс
Бұрын қалдықтар жиналатын жерде бүгінде адамдар серуендеп жүр. Шымкентте бұрынғы полигон орнында аумағы шамамен 45 гектар болатын экосаябақ ашылды.
Мұнда жасанды су айдыны, шолу алаңдары, серуендеу жолдары және демалыс аймақтары пайда болды. Аумаққа бес мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Алматыда Баум тоғайын ауқымды абаттандыру жұмыстары аяқталды. Оның жасыл қоры мыңнан астам көшетпен толықты. Бұл ретте тоғайдың табиғи рельефі мен топырақ жамылғысын сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Оралда «Хан тоғайы» экосаябағы ашылса, Астанада елорданың оң жағалауындағы Сулы-жасыл бульвардың жалғасына айналған «Мыңжылдық» аллеясын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Экологиялық волонтерлік те ауқымды сипат алды. 2026 жылдың тоғыз айында «Таза Қазақстан» бастамасының іс-шараларына сегіз миллионнан астам адам қатысты, олардың ішінде 985 мыңы – еріктілер.
Осы уақыт ішінде:
-
192 мың гектар аумақ тазартылды;
-
1,2 млн тонна қалдық жиналып, шығарылды;
-
1,4 млн-нан астам ағаш отырғызылды;
-
753 экологиялық іс-шара өткізілді.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері елде 145,6 мың гектар алқапқа 234,6 млн көшет отырғызылды.
Орман күзетіндегі жасанды интеллект
Қазақстанда табиғатты қорғау ісінде заманауи технологиялар барған сайын маңызды рөл атқара бастады.
Өртті ерте анықтау жүйелері мемлекеттік орман қорының үш миллион гектарын қамтыды. Ормандардың жай-күйін 331 камера бақылайды, олардың 317-сі жасанды интеллектіні пайдаланады.
Цифрлық технологиялар ауа райы деректері негізінде өрт қаупінің деңгейін есептеуге және оттың ықтимал таралуын модельдеуге көмектеседі.
Сонымен қатар орман шаруашылықтарының техникасы жаңартылуда. Табиғат қорғау ұйымдарының жабдықталу деңгейі 58%-дан 92%-ға дейін өсті. Орман мекемелері үшін 433 бірлік мамандандырылған техника, соның ішінде 200 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды.
Қалдықтармен жұмыс істеу тәсілі де өзгеруде. Елде қоқысты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жалпы сомасы 122,6 млрд теңгені құрайтын 34 жоба қаржыландырылды. Олардың 15-і пайдалануға берілді.
Мәселен, Павлодарда жылына 150 мың тоннаға дейін қалдықты сұрыптауға қауқарлы қоқыс өңдеу зауытының бірінші кезегі іске қосылды. Келіп түсетін қоқыстың 30%-ға дейінгі бөлігін одан әрі қайта өңдеу үшін іріктеп алу жоспарлануда.
Үлкен спорт ауладан басталады
Бүгінде төрт жастан 17 жасқа дейінгі 228 мыңнан астам қазақстандық бала спорт секцияларына тегін қатысады. Бүкіл ел бойынша олар үшін жеті мыңнан астам секция жұмыс істейді, оларды қаржыландыруға 50 млрд теңге бөлінді.
Тағы 400 мыңға жуық бала балалар-жасөспірімдер және мамандандырылған спорт мектептерінде жаттығады.
Тек 2026 жылдың өзінде Қазақстанда 59 спорт нысаны пайдалануға берілді. Астанада Ұлттық спорт университеті мен 3 600 көрерменге арналған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы аяқталды.
Спорт инфрақұрылымы ірі қалалардан тыс жерлерде де дамып келеді.
Ақтөбе облысының Алға қаласында жаңа балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, онда 150 бала жүзумен айналыса бастады.
Атыраудың Жұлдыз ықшамауданында балалар бокс пен дзюдодан бастап футбол мен волейболға дейінгі спорттың он түрімен тегін шұғылдана алатын кешен іске қосылды.
Мүгедектігі бар адамдар үшін спорттың қолжетімділігіне ерекше назар аударылуда. Ақтөбеде күніне 500 адамға дейін қабылдауға есептелген «Қуат» кешені ашылды. Мұнда спорттың 20-дан астам түрі, соның ішінде паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері дамытылуда.
Қазақстан туы жеңіс тұғырынан жиі көрінуде
2026 жыл Қазақстанға бірқатар жарқын спорттық жеңістер әкелді.
Қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов алтын және қола жүлделерге ие болды.
Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль еншіледі, оның 12-сі – алтын. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан 46 елдің ішінде сегізінші орынға тұрақтады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама 74 медаль (оның 32-сі алтын) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Семсерлесудің шпага түрінен Қазақстан ерлер құрамасы да таңғаларлық нәтижеге қол жеткізді. Төрт айдың ішінде спортшылар Азия чемпионатын, әлем чемпионатын және Азия ойындарын жеңіп алып, Халықаралық семсерлесу федерациясының әлемдік рейтингінде көш бастады.
Елена Рыбакина Australian Open турнирінде топ жарды, Бибісара Асаубаева Norway Chess Women шахмат супертурнирінің жеңімпазы атанды, ал Әсем Орынбай стендтік атудан Әлем кубогының алтынын жеңіп алып, әлемдік рекордты қайталады.
Қазақстан туристер тартылатын орталыққа айналуда
Қазақстанның таулары, даласы, көлдері мен ұлттық парктері барған сайын көбірек назар аудартуда, ал туризм саласы жаңа инвестициялар тартып жатыр.
2026 жылдың тоғыз айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,32 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға артық.
1 қазандағы жағдай бойынша елімізге келген шетелдік туристер саны 11,7 млн адамды құрады.
Ең сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі – Ақмола облысы. Тек бірінші жартыжылдықтың өзінде бұл өңірге 934 мың турист келген. Аймақта үш жаңа экосаябақ ашылды.
Балқаштың да танымалдығы артып келеді. Жазғы маусымда Қарағанды облысына 400 мыңнан астам турист келсе, олардың жартысы дәл осы Балқаш курорттық аймағын таңдаған.
Balkhash Tour Fest фестивалі 75 мың қонақ жинады.
Түркістан облысында туристер саны 43%-ға өсті.
Цифрлық сервистердің арқасында Қазақстан бойынша саяхаттау да ыңғайлы бола түсті. Барлық өңірлерде QR-кодтар енгізілді, олардың көмегімен туристер бағыттар, қоғамдық көлік, такси және басқа да қажетті қызметтер туралы ақпарат ала алады.
Үйден шықпай-ақ аралауға болатын музей
Қазақстан мәдениеті біртіндеп музей залдары, театр сахналары мен концерт алаңдарының шеңберінен шығып келеді.
Еліміздің 284 музейі E-museum цифрлық жүйесіне қосылды. Қазірдің өзінде 66 мыңнан астам музей жәдігері цифрландырылып, 750 үшөлшемді модель және 15 виртуалды тур жасалды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің туындылары алғаш рет әлемнің жетекші музыкалық платформаларында жарияланды.
Сонымен қатар дәстүрлі мәдени кеңістіктерге деген қызығушылық жоғары деңгейде қалып отыр. Тоғыз ай ішінде Қазақстан музейлеріне 3,5 млн-нан астам адам барды.
Театрлар 7,7 мың спектакль, соның ішінде 186 премьера ұсынып, оларды 1,5 млн-ға жуық көрермен тамашалады.
Тағы үш миллионға жуық адам концерттік ұйымдардың іс-шараларына қатысты.
Ауылға жеткен мәдениет
Концерттерге бару, шығармашылықпен айналысу және спектакльдер тамашалау мүмкіндігі шағын елді мекендердің тұрғындарына да біртіндеп қолжетімді болып келеді.
Алматы облысының Жібек жолы ауылында елді мекен тарихында алғаш рет 200 көрерменге арналған Мәдениет үйі ашылды.
Батыс Қазақстан облысының Қабыршақты ауылында жаңа Мәдениет үйі 1961 жылы салынған апатты ғимараттың орнын басты.
Жалпы, соңғы үш жылда БҚО-да құны сегіз миллиард теңге болатын 15 мәдениет үйі мен мәдени-спорт кешені ашылды.
Алматыда ауқымды қайта жаңғыртудан кейін Наталия Сац атындағы театр қайта есігін айқара ашты. Тарихи ғимарат пен сахналық жабдықтарды жаңартудан бөлек, мұнда 260 орындық камералық залы бар жаңа корпус салынды.
Жалпы алғанда, 2026 жылы Қазақстанда 19 мәдениет нысанының құрылысы және тағы 62 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды.
2030 жылға дейін мәдени инфрақұрылымды жақсартуға жергілікті бюджеттерден шамамен 50 млрд теңге қарастырылған.
Қазақ даласынан Венецияға дейін
Қазақстан мәдениеті шетелде де танымал бола түсуде.
«Қажымұқан» фильмі Нью-Йоркте үздік толықметражды фильм жүлдесін иеленсе, «Qaitadan» картинасы Бішкек халықаралық кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алды.
Қазақстанның мәдениет күндері Катар, Вьетнам және Францияда өтті. Отандық музейлер өз коллекцияларын бес елдегі халықаралық көрмелерде ұсынды.
Айтулы оқиғалардың бірі – Қазақстанның Венеция биенналесіне «QONGYR: үнсіздік архиві» атты заманауи өнердің ұлттық жобасымен қатысуы болды.
Еліміздің тарихи мұрасы да халықаралық деңгейде мойындалуда. Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне, ал қазақтың «Ою-өрнегі» мен «Қармақшы жыраулары» дәстүрлері ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енгізілді.
Ауқымды цифрлар мен халықаралық жетістіктердің артында нақты өзгерістер тұр. Бүгінде балаларға тегін спорт секциясы қолжетімді болып, жергілікті ауыл тұрғындарына Мәдениет үйіне алғаш рет баруға мүмкіндік туды. Күнделікті өмірдің жаңа сапасы дәл осындай өзгерістерден құралады.