Елордада жас мұғалімдерге жатақханадан орын беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада мұғалімдер тапшылығын шешу мақсатында жас мамандарға арналған 300 орындық жатақхана салынып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді.

«Қазіргі таңда елордада 200-дей мұғалім керек. Бос жұмыс орындары көбінесе бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілер. Осы мәселені біз қалай шешеміз? Алдағы уақытта жас мамандарға арналған 300 орындық жатақхана салынып жатыр. Тамыз-қыркүйек айында іске қосылады. Сондықтан осы жатақханадан орын беру арқылы жас мамандарды өңірлерден тартамыз», - деді Жанғозин қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Ол мұғалімдерге тұрғын үй сертификаттары берілетінін айтты. 

«Осы уақытқа дейін  200 астам сертификат берілді. Жас мамандарды ғана емес тәжірибелі мамандарды да тартып, жұмыс орындары мәселесін шешеміз», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Әнуар Жанғозин биылғы оқу жылында елордада 20 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтынын және елордадағы үшауысымды мектептер мәселесі қалай шешілетінін айтты. Сонымен қатар, Білім басқармасының басшысы елордалық бір оқушының мектеп формасының құны – шамамен 30 мың теңгені құрайтынын және ата-аналар мектеп формасының сапасын өздері қадағалай алатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы