Үйдің ақысын "артығымен сұра" дейтіндер де болды – ұшақ құлаған үйдің иесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы маңында Bek Air ұшағы құлаған үйдің иесі Решет Қалибек сол күні болған қайғылы оқиғаны естігенде қандай күйде болғанын айтты. 

Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады. 

Үйдің қожайыны Fokker 100 ұшағы құлаған күні журналистерге сұхбат бергенін, алайда олардың жарияланым алдында рұқсат сұрамағанын айтты.  

Біріншіден, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұлай болады деп кім ойлаған? Содан бері күйзеліс үстінде жүрдім. Өтемақы, ақша туралы ойлайтын уақыт та болған жоқ. Мен әуелі өтемақысын бірінші ойлайтын адам болсам қалада барлық органға жүгініп, заңгер жалдап шапқылап жүрер едім. Бірақ мен ештеңе де істемедім. Мемлекеттік органдар шақырғанда ғана барып, арыз жаз деген соң жазып, қол қой деген жерінде қол қойып жүрдім. Содан бері үйде отырдым. "Бос жүре берме", "артығымен сұра" дейтіндер болды. Оларды тыңдамаймын. Мен ешкімнен осыған дейін ештеңе сұрамадым. Тергеуші жауап алды, әкімдіктегілер арыз жаздыртты. Сонымен тәмам", - дейді тұрғын үйдің иесі. 

Решет Қалибек 2006 жылы Қытайдан көшіп келгенін айтты. Қазіргі уақытта әйелі мен баласы бар. Өзі Шелекте үй жалдап тұрып жатыр екен. Ал ұшақ құлаған үйді ол 2014 жылы салып бастаған. Сол уақытта үй салуға болады деген жер учаскесін ол 16 мың долларға сатып алған екен. Баспананың өзін салып бітіргенімен, қаржылай қиындықтар болғандықтан коммуникация: жарық, су жеткізе алмапты.  

Ал апат болған кезде үйінің үстіне ұшақ құлағанын бірінші болып 27 желтоқсанда таңғы уақытта көршісі хабар бергенін айтты. 

Таңғы сағат сегізде көршім телефон арқылы хабарласып, "үйіңе самолет түсіп кетті" деді. Қалжыңы ма деп, сенбедім. Бірақ мессенджер арқылы суретін жолдаған соң есеңгіреп қалдым. Үйден шыға алмай айналып жүрдім де қойдым. Келіншегім де әрең сенді. Өмірде ондай нәрсе болады деп кім ойлаған. Екеуміз де шошып кеттік, - деп еске алады апат болған күнді Қалибек. 

Көршісі таңғы уақытта жолдаған сурет. 

Решет Қалибек үйдің ендігі тағдыры қалай боларын тіпті ойламағанын да айтып отыр.  

Шынымды айтсам, ойлағаным да жоқ. Қазір оған мұрша да жоқ, батылымыз бармайды. Ол жақта дым болмағандай тұра беретіндей жүрексіз емеспіз. Тіпті "үйіңе кел, есептейміз, қол қоясың" дегеніне де барғаным жоқ, - дейді ол. 
Айта кетейік, 27 желтоқсанда Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ Қызыл ту ауылында екіқабатты ғимаратқа соғылып апатқа ұшырады.

Кейіннен, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылардың толық тізімі жарияланды.

Мемлекет басшысы ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. 

Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 15 адамға жетті. 

Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды. 

Сондай-ақ, мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды. 

Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждың есімдері белгілі болды

Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетінін айтты

ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын. 

Қазір зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шот ашылды.

Кейіннен Бек Эйр компаниясын кім басқаратыны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы