Ұлдана Мырзуан ісі: Әділет Зейнел сотта 20 млн теңгенің қайда жұмсалғанын айтты
Ол 20 млн теңге 19 қарашада алынған. Оның сөзінше, ақшаның бір бөлігі Ұлдананың және отбасының несиелерін өтеуге жұмсалғанын айтты.
Астана қаласының ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша жәбірленуші Әділет Зейнел қайғылы оқиғадан кейін отбасы алған материалдық көмек туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы қайтыс болғаннан кейін оларға 20 млн теңге қолма-қол берілген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.
Зейнел соттағы жауап беру барысында ақшаны мәслихат депутаты бергенін айтты. Алайда оның аты-жөнін есіне түсіре алмаған. Жәбірленушінің айтуынша, қаражатты алған кезде ешқандай құжатқа қол қойылмаған.
Бірінші болып бұл жағдайға мен бұған дейін айтқан мәслихат депутаты үн қатты, бірақ аты-жөнін есіме түсіре алмаймын. Ол бұл ақшаны – 20 млн теңгені – өз қолымен бізге берді. Қолма-қол берді. Ешқандай қолхат жазған жоқпыз, ешқандай журналға тіркемедік, ештеңе болған жоқ. Ол жерге Ұлдананың әпкесімен бірге бардым, – деді Әділет Зейнел.
Әділет Зейнел сол кезде жәбірленуші мәртебесінде өз еркімен болған.
– Ол кезде сіз жәбірленуші мәртебесінде өз еркіңізбен болдыңыз ба? – деп сұрады сот.
– Иә, өз еркіммен жәбірленуші мәртебесінде болдым.
– Сол кезде жәбірленуші мәртебесінен бас тартқан жоқсыз ба?
– Жоқ, бас тартқан жоқпын.
Сот одан кейін сот талқылауы кезеңінде жәбірленуші мәртебесінен бас тартуына не себеп болғанын сұрады.
Әділет Зейнелдің айтуынша, ол жаңа өмір бастағанын, үйленгенін және Ұлдананың анасы Салима Омарованың сот процесін әрі қарай өзі жалғастырғанын қалайтынын айтты.
Мен жаңа өмір бастадым, үйлендім. Ұлдананың анасы Омарованың өзі әрі қарай жалғастырғанын қалаймын. Бұған дейін ол бұқаралық ақпарат құралдарына менің жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанымды қалайтынын айтқан болатын, – деді ол.
Сотта Ұлдананың анасы да осы іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғаны айтылды. Осыған байланысты сот Әділет Зейнелден 20 млн теңгенің қанша бөлігі Ұлдананың ата-анасына берілгенін нақтылады.
Әділет Зейнелдің айтуынша, 20 млн теңге 19 қарашада алынған. Оның сөзінше, ақшаның бір бөлігі Ұлдананың және отбасының несиелерін өтеуге жұмсалған.
20 млн теңгені 19 қарашада алдық. Қателеспесем, үш күннің ішінде көліктің несиесін төледім. Содан кейін Kaspi Bank-ке бардық. Банктен Ұлдананың шоттары толық жабылғанын айтты. Несиелерді алты ай өткеннен кейін ғана жабуға болатынын түсіндірді, – деді ол.
Оның айтуынша, Ұлдана Kaspi Bank-ке ай сайын шамамен 210-215 мың теңге төлеп отырған. Банк қызметкерлері оның несиелерінің жалпы сомасын шамамен 4,3 млн теңге деп айтқан.
Алдын ала айтылған сома шамамен 4 млн 300 мың теңге болды. Қалған шамамен 9 млн 200 мың теңгені көліктің несиесіне жұмсадық. Кейін Ұлдананың анасына 4 млн 500 мың теңге берілді, – деді Әділет Зейнел.
Қалған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа және өзге де ұсақ шығындарға жұмсалғанын айтты. Оның ішінде құрбандыққа мал сатып алынған.
Сотта Әділет Зейнелден қазіргі уақытта сотталушыға қандай да бір талап-арызы бар-жоғы да сұралды.
Сотталушыға ешқандай талабым жоқ, – деді ол.
Әділет Зейнел бұл мәселені соттың шешіміне қалдыратынын айтты.
Мен бәрін соттың шешіміне қалдырамын. Бұған дейін жәбірленуші мәртебесінен бас тартатынымыз туралы өтініш бергенмін. Мен ешкімді айыптағым келмейді. Ол (Ұлдана Мырзуан - ред.) өз жұмысын істеді. Ол өз жұмысын жақсы көрді. Мен енді не айтарымды білмеймін, – деді жәбірленуші сотта.
Айта кетейік, аталған іс бойынша кеше өткен сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартты.
Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанқұлова (Омарова) қызының өліміне қатысты сот отырысы алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұрынғы күйеу баласы жайлы айтты. Ол Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімінен хабарсыз екенін жеткізді.
Тағы оқи отырыңыз: «Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді
Ұлдана Мырзуан ісі: Айыпталушының адвокаты сотқа қарсылық білдірді
Адвокат судьяға қарсылық білдірді: Астана соты өтінішті қанағаттандырудан бас тартты