Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық база жасалады
Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру маңызды мәселенің бірі болып отыр. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында Түркі академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді біріздендіруге және ортақ ғылыми кеңістікті нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері мен ғылыми сарапшыларынан құралған мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын, - деді Президент.
Сондай-ақ Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға әрдайым мән беретінін жеткізді. Бүгінде біздің ұйымға халықаралық қауымдастықтың сенімі артып келеді.
Осы орайда Қазақстан Қырғыз Республикасының «Түркі әлемінің бесігі» жобасына қатысты бастамасына оң көзқарас білдірді. Бұған қоса, біз «Алтай» сұхбат алаңы, яғни Dialogue Forum құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы Plus» форматын құру бастамасын қолдайтынын, алайда бұл форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болуы қажет деп санайтынын айтты.
Еске салайық, Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен түркі мемлекеттері көшбасшыларының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді.
Президент Қазақстанда «Digital Qazaqstan» ауқымды стратегиясы бекітілетінін айтты.
Тоқаев Turkic AI орталығы ашылатынын хабарлады.