«Сиыр да, ақша да жоқ»: Жалған құжатпен 250 млн теңге несие алған ШҚ басшысы жауапқа тартылды
Жалған құжаттарды пайдаланып, ірі қара мал сатып алу үшін жалпы сомасы 250 млн теңгеден асатын екі несие алған.
ҚМА Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Агробизнес» жобасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Аталған жоба фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталып, мал шаруашылығын және агробизнесті дамыту үшін жеңілдетілген несиелер беруді көздейді.
Тергеу деректеріне сай, «Ыкыбай» шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттарды пайдаланып, ірі қара мал сатып алу үшін жалпы сомасы 250 млн теңгеден асатын екі несие алған. Алайда алынған қаражат мал шаруашылығын дамытуға емес, жеке мақсаттарға жұмсалған. Құжаттарда кепіл ретінде көрсетілген мүлік пен мал іс жүзінде сатып алынбаған. Мемлекетке келтірілген залал 211 млн теңгені құрады. Тергеу барысында күдікті келтірілген залалды толық көлемде өтеді. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы бұлтартпау шарасы таңдалды, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда басшының ЭЦҚ-сы да, колледж ақшасы да уысында болған бухгалтер 70 миллионға пәтер алып, несиесін төлегені анықталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жемқорлық рейтингі: Қазақстандағы ахуал қандай?
Директор мен бухгалтер "бизнесі": 10 жыл бойы жалақыны жымқырғандар жазасыз қалмады
Петропавлда мемлекеттен 2 млрд теңге жымқырған шенеунік қамауға алынды