31 Тамыз 2026, 17:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметшілер жазаланды

Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу фактілері анықталды

Шортанды ауданының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау барысында жекелеген мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу фактілерін анықтады.

Не анықталды?

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің бірі бірнеше ай бойы букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы жүйелі түрде бәс тігіп, ойын шотын 5,7 млн теңгеден астам сомаға толықтырған.

Тексеру нәтижесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдардың және Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарының бұзылғаны анықталды, - деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды

Прокуратура тарапынан прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оны қарау нәтижесінде кінәлі тұлғаларға тәртіптік ықпал ету шаралары қолданылды.

Сондай-ақ мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында жұмыс уақытында құмар ойын ойнаған 4 шенеунік қызметінен босатылды.

Тағы оқи отырыңыз:

БҚО-да алимент төлемей жүрген әкелердің құмар ойынға миллиондап ақша тіккені анықталды

Заңсыз табыс: Астана тұрғыны TikTok пен YouTube-та құмар ойындар ұйымдастырған

Жетісу облысында құмар ойын ойнаған қызметкер лауазымынан айырылды