Қазақстанға халықаралық қолдау: Каспийдегі қазаға байланысты Тоқаевқа шетел басшылары көңіл айтты
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу жиыны кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхаттарын жолдап жатыр.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Президентінің атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза болған жандардың туған-туыстарына, сондай-ақ Қазақстан халқына қайғыға ортақтасып көңіл айтты, - делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы қиын сәтте жұбату сөзін жеткізген әріптестеріне ризашылық білдіріп, халықаралық қолдау мен тілеулестіктің айрықша маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Елімізде болған қайғылы оқиғаға қатысты Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты. Владимир Путин жеделхатында қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қолдау білдіріп, олардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Ресей президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшілері қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Тағы оқи отырыңыз: Каспийдегі қайғылы оқиға: Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия Қазақстанға көңіл айтты