Қазақстан мен Түркия энергетика саласында уағдаласты: Қандай жобалар іске асады
Қазақстан мен Түркия энергетикада жаңа келісімдерге келді. Мұнай-газдан бастап «жасыл» энергияға дейін қандай ірі жобалар жоспарланып отыр?
Қазақстан мен Түркия энергетика саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен комиссия отырысынан кейін Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет үйінде Қазақстан–Түркия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» пен Turkish Petroleum құпиялылық туралы келісімге қол қойды. Осы келісім аясында тараптар деректер базасына (data room) қол жеткізді. Онда «ҚазМұнайГаздың» геологиялық блоктары, жалпы Қазақстан аумағындағы учаскелер туралы ақпарат бар. Қазіргі уақытта бұл бағытта тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмыстың сәтті аяқталып, Turkish Petroleum компаниясы өзіне геологиялық барлау блогын таңдайды деп үміттенеміз, – дейді Санжар Жаркешев.
Қазақстанда Aksa Energy компаниясымен бірлесіп қуаттылығы 240 мегаватт болатын Қызылорда бу-газ қондырғысы (ПГУ) жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – Түркия мен Қазақстан арасындағы электр энергетикасындағы табысты жобалардың бірі. Қазіргі таңда осы салада жаңа жобалар қарастырылып, егжей-тегжейлі талқылану үстінде. Тағы бір маңызды бағыт – мұнай-газ химиясы мен көмір химиясы. Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласында шамамен 15 миллиард долларға жететін жаңа ірі жобалар іске асырылып жатыр. Бұл мегажобаларға түрік компанияларын тартуға мүдделіміз, – дейді вице-министр.
Түрік компанияларының бұл бағытта тәжірибесі мол болғандықтан, оларды осы жобаларға қатысуға шақырдық. Қазіргі уақытта олар бұл бастамаларды қарастырып жатыр.
Көмір химиясына келсек, Қазақстан үшін көмір стратегиялық маңызға ие. Ел әлем бойынша көмір қоры жағынан 10-орында тұр. Сондықтан көмір саласын және көмір химиясын дамытудың жаңа кезеңі басталмақ. Көмірден түрлі химиялық өнімдер – авиациялық отын, бензин, дизель, карбамид және басқа да өнімдер, соның ішінде тыңайтқыштар өндіруге болады. Бұл бағытқа түркиялық ірі компания қызығушылық танытып отыр. Қазір әртүрлі нұсқалар қарастырылуда. Соңғы, бесінші бағыт – жаңартылатын энергетика. Қазақстан үшін декарбонизация аса маңызды. Осыған байланысты ұзақ мерзімді электр сатып алу келісімшарттары (PPA) арқылы аукциондар жарияланып жатыр. Бұл жобаларға да түрік компаниялары шақырылып, олар қазіргі таңда белсенді түрде қатысу мүмкіндіктерін қарастыруда, – дейді Санжар Жаркешев.
Белгілі болғандай, Орта дәліз күшейіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалы 35%-ға өсті. Бүгінде бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы сенімді және бәсекеге қабілетті көлік дәлізі ретінде қалыптасуда. Жүктерді жеткізу мерзімі 13 күнге дейін қысқартылды.
Ал Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 9%-ға өсті. 2005 жылдан бері еліміздің экономикасына 6 млрд доллардан астам түрік инвестициясы тартылса, былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 390 млн долларға жуықтады.