«Қаралы күнге» тіл тигізді: Шымкент тұрғыны 10 тәулікке қамалды
TikTok-та ақылға сыймайтын әрекет жасағандар есепке қойылды.
«Қаралы күнге» тіл тигізген Шымкент тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция қызметкерлерімен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok желісіндегі тікелей эфир анықталды.
Эфир барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғыны Бердібай Нұрахмет көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап бере отырып, қоғамға құрметсіздік танытатын сипаттағы сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Онымен бірге тікелей эфирге 22 жастағы Мусурманқұл Абзал және Мустафа Бақдәулет қатысқан. Сот шешімімен Бердібай Нұрахмет 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - деп хабарлады Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту шығарылып, үшеуі де ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне бір ай мерзімге қойылды.
Айта кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.
Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.
Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасына байланысты күдікке ілінген тұлғалар анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Каспийдегі әскери қызметшілерді іздеу операциясы күшейтілді: Ондаған кеме мен әуе кемесі жұмылдырылды
Қазақстан тарихындағы қаралы күндер хроникасы