24 Қыркүйек 2026, 21:06 Фото: gov.kz

Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді үздіксіз іздестіруді тапсырды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет – орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру. Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда, - делінген ресми хабарламада. 

Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.

Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.

Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды. 

Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын айтты. 

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Тағы оқи отырыңыз: 

Дәрігерлер Маңғыстау ауруханасына жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы туралы мәлімдеді