Өскемендегі жарылыс: Тұрғындарға өтемақы төлене ме?
ШҚО-да болған апаттан кейін қоршаған ортаға келген залал көлемі бағаланып жатыр.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстың салдары мен тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесіне қатысты пікір берді. Оқиғадан кейін өңірдегі ауа сапасына жедел өлшеулер жүргізілгенімен, зерттеу нәтижелері әзірге өңделу үстінде. Бұл туралы ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Апат туралы ақпарат түскен бойда Шығыс Қазақстан облысының экология департаментінің мамандары оқиға орнына барды. Зертхана қызметкерлері жедел түрде ауаға қажетті өлшеулер жүргізді. Кейін “Қазгидромет” РМК “Казцинк” кәсіпорнының санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде атмосфералық ауа сапасын бақылау бекеттерін орнатты. Қазіргі уақытта алынған сынамалар өңделіп жатыр, – деді Әділов.
Оның сөзінше, әр талдаудың өзіне тән зертханалық рәсімдері бар.
Бүгін нәтижелер дайын болады деп ойлаймын. Егер сынамаларда шекті рұқсат етілген мөлшерден асу анықталса, төтенше жағдай салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі есептеледі, – деп айтты ІІМ өкілі.
Сонымен қатар тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кіретінін айтты.
Депутат Бақытжан Базарбектің мәлімдемесінен кейін кәсіпорындарға тексеріс жүргізіле ме деген сауалға Әділов жоспардан тыс тексерулер Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес жүргізілетінін жеткізді.
Егер депутаттардан ластану фактілерін растайтын өтініш түссе, аумақтық бөлімшелер тексеріске шығады. Қазіргі уақытта “Қазгидромет” дерегіне сәйкес, зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу тіркелген жоқ, – деді ол.
Еске сала кетейік, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі кәсіпорын аумағында жарылыс болып, өрт шыққанын жаздық.
Өскемендегі «Казцинк» ЖШС аумағында болған өрт оқшауланды. Құтқарушылар өртті толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 адам ауруханаға жеткізілген.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өскемендегі «Казцинк» аумағындағы өрттен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жарылыстан кейін "Казцинк" маңында белгісіз бұлт пайда болды: Экологтар тексеруге кірісті
Өскемендегі жарылыс жұртты дүрліктірді: Экологияға қауіп бар ма?
Өскемендегі жарылыстан 2 адам қаза тауып, 5-еуі жарақат алды