26 Тамыз 2026, 13:09 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

«Өрлеу» орталығының жұмысы мардымсыз»: Тоқаев мұғалімдерді аттестаттау талаптарын қайта қарауды тапсырды

Астанадағы тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді аттестаттау жүйесін оңтайландыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысының сөзінше, педагогтер артық жүктеме мен қағазбастылықтың көптігіне шағымданып жатыр. Осыған байланысты ол аттестаттау талаптарын жетілдіріп, мұғалімдерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуды тапсырды.

Мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көп өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып шағымданып отыр, - деді Президент.

Осыған орай, Тоқаев педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген.

Бұл жерде бақылаудан мүлде бас тарту немесе күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ. Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті, ашық жүйе керек. Бұл өте маңызды мәселе. Оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет, - деп айтты Мемлекет басшысы.

Президент тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныс беруге тиісті екенін атап өтті. Сондай-ақ, білікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сондай-ақ «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларын енгізу керек екенін жеткізді. 

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басышысы білім саласындағы реформалар мұғалімдерді қажытып, күйзеліске ұшыратпауы керек екеніне тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерді салу жұмысы жалғасатынын айтты

Сондай-ақ, Тоқаев оқушылардың 18 жасқа дейін мектепте оқуын қайта қарауды ұсынды

Сонымен қатар Тоқаев мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аудару да маңызды екенін айтты. Президент мұғалім тапшылығы мәселесін де шешуді тапсырды.