Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында өтіп жатқан тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұстазды қадірлей білу өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным. Жалпы еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылды. Нақты нәтижелер бар. Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, 1000-нан астам медаль жеңіп алды, - деді Президент.
Тоқаев атап өткендей, ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерлерінің саны 10 есе ұлғайған. Осылайша қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді.
Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте. Алдымызда көп жұмыс бар. Оны тиімді атқаруымыз қажет. Білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйіткіл бар, - дейді ол.
Президент осы ретті бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталып өтті.
Оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет. Бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынған. Нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында білім саласын қамдаған жастардың қатары көбейіп келе жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегерлері атанды. Олардың 2 мыңнан астам мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер, - деп айтты Мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, кадр мәселесін шешу үшін біраз жұмыс атқару қажет. Өйткені елімізге тағы 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келе жатыр. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептер саны да артып келе жатқандықтан, педагогке де сұраныс бар.
Президент жауапты министрлік осы мәселеге қатысты тың тәсіл ұсынуы қажет екенін айтты. Сонымен қатар Тоқаев мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аудару да маңызды екенін айтты.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерді салу жұмысы жалғасатынын айтты.
Сондай-ақ, Тоқаев оқушылардың 18 жасқа дейін мектепте оқуын қайта қарауды ұсынды.