Өңір үні мен қоғамдық бақылау: Халық кеңесінің алғашқы сессиясы қалай өтті?
Астанада 23-24 қыркүйекте Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Жиында кеңестің төрағасы сайланып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа органның қалай жұмыс істеуі керектігін айтты. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу мәселесін де көтерді. Ал қала мәдениеті туралы айтқан сөзінде жазушыларға арналған жаңа әдеби байқау жөніндегі тапсырмасын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сессияның басында Президент Халық кеңесінің төрағалығына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Мемлекет басшысы Конституциялық заңға сәйкес бұл лауазымға кандидатты Президент ұсынатынын айтты. Оның пікірінше, конституциялық мәртебесі бар қызметті халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз ете алатын адам атқаруы керек.
Тоқаев Қошановтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіне және Мәжіліс төрағасы ретінде реформаларға атсалысқан жұмысына тоқталды. Президент оның Халық кеңесінің басшысы ретінде де қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.
Кандидатура ұсынылған соң дауыс беру үшін 10 минуттық үзіліс жарияланды. Есеп комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов жариялаған қорытындыға сәйкес, дауыс беру жәшігінен 121 бюллетень алынған. Ерлан Қошановты кеңестің 120 мүшесі қолдады, қарсы дауыс берген ешкім жоқ, бір адам қалыс қалды. Осылайша ол Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Сайланғаннан кейін Қошанов кеңес мүшелерінің алдында жаңа саяси институтты нақты мазмұнмен толықтыру міндеті тұрғанын айтты. Оның сөзінше, Халық кеңесі азаматтар мен мемлекет арасындағы тұрақты байланыс алаңына айналып, адамдардың пікірі мен бастамалары ел дамуына ықпал етуі керек.
Ал 24 қыркүйек күні Қазақстан үшін тарихи күннің бірі болды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы жұмысын бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, Қазақстан тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірігіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер. Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды, - деп атап өтті Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесі мен Құрылтайдың өкілеттіктері бөлек екенін айтты. Кеңес мүшелері депутаттардың қызметіне араласпайды, ал Құрылтай депутаттары Халық кеңесінің жұмысына араласпауға тиіс.
Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, екі институттың міндеті – бірін-бірі толықтырып, үйлесімді жұмыс істеу. Соның ішінде Халық кеңесі мен Құрылтай комитеттері тығыз байланыста болуы қажет. Президент бұл заң жобаларын әзірлеу кезінде жұртшылықтың пікірі мен ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзіндегі негізгі талаптың бірі кеңестің жұмыс тәсіліне қатысты болды. Тоқаев Халық кеңесінің қызметі формалды жиындар мен қағазбастылыққа ұласпауы тиіс екенін айтты. Кеңес мүшелері жұртшылықпен тікелей байланыста болып, адамдарды алаңдататын мәселелерді терең зерттеуі қажет.
Мемлекет басшысы күрделі әрі өзекті тақырыптарды көтеруден қорықпауға шақырды. Оның айтуынша, кеңес қоғамдағы пікірталастардың ортасында жүріп, халық пен мемлекет арасындағы ашық диалогқа үлес қосуға тиіс. Президент мұны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырумен байланыстырды.
Сонымен бірге Тоқаев сынның сипатына тоқталды. Ол кемшіліктерді ашық айту қажет екенін, бірақ кез келген сын объективті әрі сындарлы болуы керектігін жеткізді. Мәселені көтерген адам оны шешудің жолын да ұсынуы тиіс. Кеңес мүшелері әдеп нормаларын сақтап, саяси мәдениеттің үлгісін көрсетуі қажет екенін де ескертті.
Мәслихаттарға сайлау мәселесі көтерілді
Сессияда Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді. Тоқаев бұл жөнінде жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен кеңесетінін, содан кейін тиісті жарлыққа қол қоятынын айтты. Одан соң Орталық сайлау комиссиясы сайлау күнін айқындауы керек.
Мемлекет басшысы қазір жұмыс істеп тұрған депутаттардың өкілеттігі Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша тоқтатылғанға дейін сақталатынын атап өтті. Дегенмен мәслихат депутаттарының басым бөлігі «Amanat» партиясынан сайланған. Президенттің айтуынша, партия «Әділетке» қосылып, дербес қызметін тоқтатқандықтан, заңнамалық рәсімдер аяқталған соң депутаттардың басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды.
Тоқаев мәслихаттардың жергілікті тұрғындар мүддесін қорғайтынын, бюджетті бекітетінін және өңірлердің дамуына қатысатынын еске салды. Сондықтан өкілді органдардың қызметі заңға сай болуы айрықша маңызды деді. Оның пікірінше, сайлау мәслихаттардың білікті әрі кәсіби құрамын қалыптастыруға жол ашады.
Президент сөзінде жазушылардың қала өмірін бейнелеуіне де назар аударды. Ол ауылдың халық үшін қадірлі орын екенін айта келе, урбанизация жағдайында қала мәдениетін дәріптеу де маңызды міндетке айналғанын жеткізді.
Тоқаев кейбір шығармалар мен пікірлерде жастарды қалада тұратын «асфальт қазағы», «шала қазақ» және ауылдағы «нағыз қазақ» деп бөлу үрдісін сынға алды. Оның айтуынша, қалада өсіп жатқан жастар қазақ мектептерінде ана тілінде білім алып жүр. Мемлекет басшысы біртұтас халықты тұрғылықты жеріне қарай бөлуді тоқтатуға шақырды.
Осыған байланысты Президент Мәдениет және ақпарат министрлігіне жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби байқаулар өткізуді тапсырғанын айтты. Ол мұндай шығармалар, әсіресе, жастар үшін қажет екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» мен «Заң және Тәртіп» – өзара байланысты ұғымдар
Сессияда Президент «Таза Қазақстан» бастамасына да тоқталды. Ол табиғат пен қоғамдық орындарды қасақана ластау фактілері әлі кездесетінін айтып, мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейту қажет деп есептейтінін жеткізді. Мемлекет басшысының сөзінше, Халық кеңесіндегі «үшінші сектордың» басты міндеттерінің бірі – қоғамда заң мен тәртіпті, тазалық пен табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.
Мемлекет басшысы таза әрі күтімді орта адамның қоғамдық тәртіпке көзқарасына әсер ететінін атап өтті. Осы тұрғыда ол «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидатын өзара тығыз байланысты ұғымдар деп атады. Президент бастаманы жаңа идеялармен және креативті жобалармен толықтыру қажет екенін айтып, тазалық пен тәртіп мәселесінде босаңсуға болмайтынын ескертті.
Еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алғашқы сессияда Халық кеңесінің мүшелері де сөз алды. Олардың қатарында «Вайнах» шешендер мен ингуштар қауымдастығы» республикалық этномәдени бірлестігінің мүшесі Белла Газдиева, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Дәуталиев болды. Сондай-ақ Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекова мен Жамбыл облысындағы қарашайлар мен балқарлар этномәдени бірлестігінің мүшесі Ислам Байрамуков сөйледі.
Сөз соңында Президент Халық кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл және қоғамда беделі бар азаматтар енгенін айтты. Ол сессияда кеңестің негізгі мақсат-міндеттері айқындалғанын атап өтіп, мүшелерін қоғамның үмітін ақтауға және мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеуге шақырды.
Алғашқы сессияға жиналған қоғамдық кеңес мүшелері Халық кеңесіндегі жұмыс қоғамдық негізде жүргізілетінін айтты. Кеңес мүшелері бұл қызметі үшін жалақы алмайды және мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие болмайды. Оларға жеке кабинет пен қызметтік көлік те қарастырылмаған. Әр мүше өзінің негізгі жұмысын жалғастыра отырып, кеңес қызметіне қатысады.
Кеңес жылына кемінде бір рет жиналуы тиіс. Отырыстарда қоғамды толғандыратын мәселелер талқыланып, мемлекетке ұсыныстар әзірленеді. Алғашқы сессия кулуарында кеңестің бұдан да жиі, мәселен, тоқсанына бір рет бас қосуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ жаңа органның жұмысы журналистер үшін ашық болады деген сенім білдірілді.