Мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды трансформациялаудың қорытынды кезеңі ретінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау өткізу жоспарланып отыр.
Қолданыстағы жергілікті өкілді органдар депутаттары Конституция мен заңдарда белгіленген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтағанға дейін қызметін жалғастырады.
Айта кетейік, мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұған дейін «Amanat» партиясынан сайланған. Қазір аталған партия дербес қызмет атқармайды, өйткені ол «Әділет» партиясына қосылды.
Партияның бірігуіне қатысты заңнамалық рәсімдер жақын уақытта аяқталуы тиіс. Осыдан кейін маслихаттар депутаттары корпусының басым бөлігінің легитимдігіне қатысты мәселе туындауы мүмкін.
Сонымен қатар мәслихаттар жергілікті жерде азаматтардың мүддесін білдіру, өңірлердің бюджеттерін бекіту және олардың әлеуметтік-экономикалық дамуын бақылау сияқты негізгі функцияларын толыққанды орындауы маңызды.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы жақын уақытта Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен мәслихаттардың барлық деңгейінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізетінін мәлімдеді.
Консультациялардың қорытындысы бойынша тиісті Жарлыққа қол қоямын, – деді Президент.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының алдағы сайлауын өткізу күнін белгілеуі тиіс.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда кезектен тыс сайлау өткізіледі. Мұндай сайлау мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуі керек.
Бұл қадам білікті әрі кәсіби мәслихаттар корпусын қалыптастыруға жол ашып, олардың жұмысына жаңа серпін береді. Осы сайлауды жоғары деңгейде әрі сапалы өткізуге сіздер де елеулі үлес қосасыздар деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес екенін айтты.
Сондай-ақ, Президент қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналғанын атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Президент: Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты
«Атауларынан басқа түгі жоқ». Тоқаев қағаз жүзіндегі ұйымдарды сынға алды