Президент: Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз

 Ақорда 24 Қыркүйек 2026, 13:37
24 Қыркүйек 2026, 13:37
138
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында жазушыларды қала тақырыбына арналған шығармаларды көбірек жазуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент қазіргі заманда урбанизация жаһандық үрдіске айналғанын атап өтіп, қала өркениетін дәріптеудің маңызына тоқталды.

Біз ауыл туралы көп айтамыз. «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі» деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма? Бәрімізге белгілі, дүние жүзінде «урбанизация» атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да – шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет: қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде. 

Мемлекет басшысы қалада тұратын жастарды «асфальт қазағы», «шала қазақ» және ауыл жастары деп бөлуге болмайтынын айтты.

Кейбір жазушылар қалада тұрып жатқан жастарды екіге бөлетін болды: біріншісі – қалаларда тұрып жатқан «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ», екіншісі – нағыз ауыл қазақтары. Бұл – дұрыс емес, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда қалаларда өмір сүріп жатқан жастардың қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алып жатқанын атап өтті.

Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма бергенін айтты.

Жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби сайыстар өткізуіміз керек. Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керектігін айтты. 

Наверх