Президент тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керектігін айтты

 Ақорда 24 Қыркүйек 2026, 13:15
24 Қыркүйек 2026, 13:15
131
Фото: Ақорда

Қазақстан Халық Кеңесіндегі «Үшінші сектордың» басты міндеттерінің бірі – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің сөзінше, табиғатты және қоғамдық орындарды қасақана ластау фактілері әлі де кездеседі. Осыған байланысты ол қоғамға және мемлекетке қарсы мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейту қажет екенін айтты.

Дегенмен «үшінші сектордың» басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру. Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестіі сессиясында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» ұғымы адамның қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастырумен байланысты екенін атап өтті.

«Таза Қазақстан» дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кейбір қалалары мен ауылдарында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп қалыптасып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, тазалықты да ұлттық брендке айналдыру қажет.

Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек. Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент «Таза Қазақстан» бастамасының мазмұнын одан әрі күшейтіп, оны жаңа идеялар мен креативті жобалармен толықтыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық, тәртіп және табиғатты аялау мәселесіне айрықша мән беретінін атап өтті.

Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды, – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай құндылықтарды қалыптастыруға отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет бірлесіп атсалысуы керек.

Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы тек қалалар мен елді мекендердің келбетін өзгертуге емес, қоғамның көзқарасы мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал ететінін айтты.

Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз. Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, тазалық пен тәртіптің қоғамдағы ахуалға да әсері бар.

«Таза Қазақстанның» қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастыруда, – деді Мемлекет басшысы.

Ол қоршаған ортаның тазалығы адамның мінез-құлқына да әсер ететінін атап өтті.

Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада «сынған терезе салдары» деген атаумен белгілі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» мен «Заң және Тәртіп» қағидаттарының өзара тығыз байланысты екенін атап өтті.

Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Президент тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек екенін айтты. 

Наверх