Nvidia Дженсен Хуангты бас директор лауазымына қайта тағайындады
Америкалық Nvidia корпорациясының директорлар кеңесі Дженсен Хуангты компания президенті және бас директоры лауазымдарына, сондай-ақ директорлар кеңесінің құрамына қайта тағайындауға бірауыздан дауыс берді. Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды.
Мәлімдемеде аталып өткендей, бұл шешім қабылданбас бұрын Хуангпен бірқатар кездесулер мен талқылаулар өткен. Келіссөздер қорытындысы бойынша директорлар кеңесінің мүшелері оның түсініктемелеріне, адалдығына және корпорацияны басқару тәсіліне көңілдері толатынын мәлімдеді.
Шешім қабылдау кезінде кеңес АҚШ үкіметінің жоғары лауазымды өкілдерімен де консультациялар өткізді. Талқылаулар нәтижесінде Хуангтың Nvidia басшылығына оралуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейді деген қорытынды жасалды.
Директорлар кеңесінің төрағасы Харви Джонс Хуангты компанияны басқаруға лайықты тұлға деп санайтынын айтты.
Сонымен қатар Nvidia корпоративтік басқару, ұлттық қауіпсіздік және экспорттық заңнаманы сақтау мәселелері бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті. Сондай-ақ компания ішкі бақылауды күшейту жөніндегі қосымша шаралар туралы хабарлады.
Осылайша, Дженсен Хуанг АҚШ-тың ең ірі технологиялық корпорацияларының бірін қайта басқаратын болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясымен жемісті ынтымақтастық жолға қойылғанын айтып, ынтымақтастыққа жоғары баға берген еді.
«Біз NVIDIA компаниясымен жемісті ынтымақтастықты жолға қойдық. Аты аңызға айналған көрнекті инженер Дженсен Хуанг мырзаға жақында Астанаға арнайы келгені үшін алғыс айтамын. OpenAI компаниясымен серіктестік нәтижесінде еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының ұстаздары ChatGPT Edu арнаулы чат-ботын еркін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты (MIT), Беркли және Карнеги Меллон университеттеріндегі сарапшылардың қолдауымен студенттеріміз 22 мыңнан астам жобаны жасап шығарды. ЖИ-мен байланысты жүздеген шешім бизнес, денсаулық сақтау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына енгізіліп жатыр. Satbayev Technical University мен Гонконг қалалық университеті арасындағы ынтымақтастық та осы салада айтарлықтай нәтиже әкелді. Бұл ретте Нгай мырзаның жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді өндіріске енгізу туралы бастамасын толық қолдаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Қазақстанда NVIDIA-мен бірлесіп физикалық жасанды интеллект зертханалары ашылатыны хабарланды.
Еске салсақ, NVIDIA басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп, 1998 жылғы видеокартаға қолтаңбасын қалдырған болатын.
Сондай-ақ, Президент NVIDIA компаниясының президенті Дженсен Хуангпен кездесті. Тоқаев NVIDIA компаниясының басшысына Ақордадағы нәтижелі кездесу үшін алғыс айтты.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстан Physical AI әлемдік хабына айнала ала ма? NVIDIA басшысы ұсынысын айтты
Nvidia басшысы тыңшылық дауына ілікті: Не белгілі?
Дженсен Хуанг Nvidia компаниясын қайта басқаруға дайын екенін мәлімдеді